1963 жылы 2 ақпан күні Талдықорған облысы, Кербұлақ ауданы, Алтын Емел ауылында өз мүддесінен қол астындағы балалардың мүддесін жоғары қоя білген, сол жолда бейнетке төзген пейілі кең, баптаған шәкірттері әлемдік деңгейдегі бәсекелерде табысқа жеткен еңбекқор, табанды бапкер - Жұмахан Тұрғанбеков дүниеге келді.
Өзінің бапкерлік қызметін 1986 жылы, 23 жасында Алматы облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылында бастады. Күрес кілемі жоқ, жуынатын, киім ауыстыратын арнайы бөлмелер тағы жоқ, бірақ Жұмахан ағамыздың кеудесінде спортқа деген оттай ыстық махаббат және ауылынан Әбілсейіт Айханов, Жақсылық Үшкемпіровтей дарабоздарды шыңдап шығарсам деген арман бар еді. Сол мақсатпен, сол тәуекелмен қандай қиындықтар алдынан шықса да, бәріне төзіп дегеніне жетті десек те болады.
Жұмахан Тұрғанбеков – грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының күміс, әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев пен дүние жүзі чемпионатының және Азия біріншілігінің күміс, қола медалисі Демеу Жадыраевтың ұстазы.
Нұрбақыт Теңізбаев: «Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді», дегендей, ағамыз жүздеген баланы күреске баулыды, Жұмахан ағай қарапайым, еңбекқор, мақсаткер тұлға. Бапкеріміз әрбір әдісті қызықты ғып, жеріне жеткізе үйретуші еді. Бір ерекшелігі, бір жерден бастаған әдіс-айласы екінші, үшінші әдістерге ұласып жататын. Мысалы, менің сүйікті тәсілім «диірменді» оңтайыма келтіре үйреткен осы кісі еді. Ағайдың баптауымен етпеттеген балуанды жұлқыған бойда айналдыра тастауға ұзақ машықтандық. Қысқасы, сол кісінің шүмектеген маңдай терімен күрестің әліпппесін меңгердік.
Демеу Жадыраев: «Бапкеріміз жаттығу кезінде қатал еді.Бізде тәртіп күшті болды. Бір рет кешіксең, ұрсып алады. Одан кейін қайталанса, залдан қуып шығатын. Ағай өз ісіне қатты берілді. Шәкірттерін тоғай ішінде жүгіртіп, арасында доп ойнатып, жан-жақты баптауға күш салды. Балаларды жарысқа апару үшін жүгері егіп, соның дәнін сатушы еді. Тынбай тер төге жүріп, тапқан-таянғанын біздің жолымызға жұмсады. Жаттығудан кейін атақты спортшылар туралы қызықты әңгімелер айтатын.
Нұрбақыт Теңізбаев
Демеу Жадыраев