Астана қаласы, 2023 жыл
1.Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі – Кәсіпорын) жедел басқару құқығындағы республикалық кәсіпорының ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады.
2.Кәсіпорын «Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің кейбір республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнындарының мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 шілдедегі № 579 қаулысына сәйкес құрылды.
«Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 20 ақпандағы № 244 қаулысына сәйкес Кәсіпорын Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің «Бұқаралық спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта аталды.
«Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі №1003 қаулысына сәйкес Кәсіпорын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Бұқаралық спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта аталды.
«Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы № 1440 қаулысына сәйкес Кәсіпорын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Бұқаралық спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта аталды.
«Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Бұқаралық спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 17 шілдедегі желтоқсандағы № 547 қаулысына сәйкес Кәсіпорын «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта аталды.
«Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің республикалық заңды тұлғаларын қайта атау туралы» Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 20 қыркүйектегі № 256 бұйрығына сәйкес Кәсіпорынның атауы «Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны» болып қайта өзгертілді.
3.Кәсіпорынның құрылтайшысы Қазақстан Республикасы Үкіметі болып табылады.
4.Кәсіпорын мүлкіне қатысты республикалық меншік құқығы субъектісінің құқығын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (бұдан әрі – Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) жүзеге асырады.
5.Кәсіпорынды басқаруды жүзеге асыратын орган (бұдан әрі – тиісті саланың уәкілетті орган) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті болып табылады.
6.Кәсіпорынның атауы: толық: мемлекеттік тілде – Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
орыс тілінде – Республиканское государственное казенное предприятие «Республиканский учебно-методический и аналитический центр по физической культуре и спорту» Комитета по делам спорта и физической культуры Министерства культуры и спорта Республики Казахстан»;
қысқа: мемлекеттік тілде – «РОӘТО» РМҚК; орыс тілінде – РГКП «РУМАЦ»
7.Кәсіпорынның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 45 А-үй.
8.Кәсіпорын мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап құрылған болып саналады және заңды тұлға құқығына ие болады.
9.Кәсіпорынның заңнамаға сәйкес дербес теңгерімі, банкте шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және кәсіпорынның атауы жазылған мөрі болады.
10.Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, Кәсіпорын заңды тұлғаларды құра алмайды, сондай-ақ басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.
Кәсіпорын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер құра алады.
11.Кәсіпорын жасайтын және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес міндетті түрде мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын азаматтық-құқықтық мәмілелер, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, тіркелген сәттен бастап жасалынған деп есептеледі.
12.Кәсіпорын қызметінің мәні спорт саласында қызметті жүзеге асыру болып табылады.
13.Кәсіпорын қызметінің мақсаты спорт саласында ғылыми-әдістемелік және оқыту жұмыстары болып табылады.
14.Қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін Кәсіпорын мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) дене шынықтыру және спорт саласында талдау жұмысын жүргізу;
2) дене шынықтыру және спорт саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету, оның ішіндехалық арасында бұқаралық спортты басқару және ұйымдастыру жүйесін жетілдіру, Олимпиада және Азия ойындарына,Әлем және Азия чемпионаттарына жоғары білікті спортшыларды даярлау, спорт резервін, спорттық психологияны іріктеу бойынша әдістемелерді, бағдарламаларды және ұсынымдарды әзірлеу;
3) спорт саласында оқу әдістемелік және талдау жұмыстарын жүргізу бойынша қызмет;
4) Кәсіпорын мамандарының спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларының спортшыларын даярлау және қатысуларына жан-жақты талдау жүргізу үшін спорт түрлері бойынша түрлі деңгейдегі оқу-жаттықтыру жиынына және жарыстарына қатысуы;
5) олимпиадалық спорт түрлері бойынша кешенді талдау топтарын құру;
6) озық спорт тәжірибесін және спорт ғылымының жаңа жетістіктерін қорытындылау;
7) жаттықтыршы-оқытушы құрамының біліктілігін арттыру және қайта даярлау жөніндегі курстарды ұйымдастыру және өткізу, дене шынықтыру мен спорт саласындағы жаттықтырушылар мен мамандарға консультациялық және өзге де қызмет көрсету;
8) жаттығу барысын, жоғары спорт және спорт резервін медициналық-биологиялық қамтамасыз ету жүйесін зерттеу, талдау және әзірлеу;
9) дене шынықтыру және спорт саласында әдістемелік оқу құралдарын, тақырыптық жинақтарды, конференциялар мен семинарлардың материалдарын әзірлеуге және шығаруға қатысу;
10) дене шынықтыру және спорт саласында семинарлар, конференциялар, көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастыру;
15.Кәсіпорын осы Жарғыда бекітілген оның қызметінің мәні мен мақсатына сай емес қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмілелерді жасауға құқылы емес.
16.Кәсіпорынның Қазақстан Республикасының заңдарында немесе құрылтай құжаттарында белгілі бір шек қойылған қызмет мақсаттарына қайшы не оның Директорының жарғылық құзыретін бұза отырып, жасаған мәмілесі тиісті саланың уәкілетті органының немесе мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
17.Директордың Кәсіпорынның жарғыдан тыс қызметті жүзеге асыруға бағытталған іс-қимылдары еңбек міндеттерін бұзу болып табылып, тәртіптік және материалдық жауаптылық шараларын қолдануға әкеп соғады.
18.Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Кәсіпорынның құрылтайшысы болады;
2) Қазақстан Республикасының атынан Кәсіпорынға қатысты республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асырады;
3) тиісті саланың уәкілетті органының ұсынысы бойынша Кәсіпорын қызметінің мәні мен мақсаттарын, сондай-ақ, осындай қызметті жүзеге асыратын Кәсіпорын түрін айқындайды және Кәсіпорынның Жарғысын, оған өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді бекітеді;
4) тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша Кәсіпорынға берілген немесе өз шаруашылық қызметінің нәтижесінде сатып алынған мүлікті алып қоюды немесе қайта бөлуді жүзеге асырады;
5) Кәсіпорын мүлкінің мақсатты және тиімді пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;
6) Мемлекеттік мүліктің мақсатты пайдаланылуын бақылау нәтижелері бойынша анықталған Кәсіпорынның артық, пайдаланбайтын не мақсатына сай пайдаланбаған мүлкін, бақылауды жүзеге асырған кезден бастап алты ай өткен соң, тиісті саланың уәкілетті органының келісімінсіз алып қоюды жүзеге асырады;
7) Кәсіпорынға алып қойылған мүлікті күтіп ұстау және оны кейіннен теңгерімнен шығара отырып, өзге тұлғаға бергенге дейін сақталуын қамтамасыз ету мерзімін белгілейді;
8) тиісті саланың уәкілетті органына Кәсіпорынды қайта ұйымдастыруға және таратуға келісім береді;
9) Кәсіпорынға бекітіліп берілген мүлікті (ол өндірген өнімді сатуды қоспағанда) иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге, филиалдар мен өкілдіктер құруға, сондай-ақ дебиторлық берешекті беруге және есептен шығаруға келісім береді;
10) Кәсіпорынға бекітіліп берілген мүлікті мүліктік жалға беруге (жалға беру) талдау жүргізеді;
11) Кәсіпорынның жұмыс істеуі мен басқару тиімділігінің мониторингін ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;
12) Кәсіпорын жанындағы ғылыми-әдістемелік және талдау кеңесіне басшылықты жүзеге асырады;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасымен оның құзыретіне жатқызылған өзге де мәселелерді шешеді.
19.Тиісті саланың уәкілетті органы:
1) Кәсіпорын қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландыратын жұмыстарының (көрсететін қызметтерінің) міндетті көлемдерін айқындайды;
2) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға Кәсіпорын қызметінің мәні мен мақсатын айқындау бойынша, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын Кәсіпорынның түрін айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
3) Кәсіпорынның даму жоспарларын және оларды орындау жөніндегі есептерін қарайды, келіседі және бекітеді;
4) Кәсіпорын мүлкінің сақталуына және Кәсіпорынның даму жоспарларының орындалуына талдауды және бақылауды жүзеге асырады;
5) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға Кәсіпорын берген немесе ол өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге келісімін береді;
6) Кәсіпорынды басқаруды жүзеге асырады;
7) Кәсіпорынның жылдық қаржылық есептілігін бекітеді;
8) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша Кәсіпорынды қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;
9) Кәсіпорынның таза табыстың бір бөлігін республикалық бюджетке толық және уақтылы аударуын бақылауды жүзеге асырады;
10) Кәсіпорын Директорының ұсынымы бойынша оның орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
11) жыл сайын Кәсіпорынның еңбекақы төлеу қорының мөлшерін белгілейді;
12) Кәсіпорын директорының ұсынымы бойынша Кәсіпорын филиалдары мен өкілдіктерінің директорлыарын қызметке тағайындауға және қызметтен босатуға келісім береді;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасымен оның құзыретіне жататын басқа да мәселелерді шешеді.
20.Кәсіпорынның Директоры оның органы болып табылады.
21.Директорды тағайындау, оны аттестаттаудан өткізу, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен айқындайтын тәртіпте жүзеге асырылады.
22.Тиісті саланың уәкілетті органы Кәсіпорынның Директорымен еңбек қатынастарын Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шартын жасасу арқылы ресімдейді.
Еңбек шартында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен белгіленген жағдайлардан басқа, бюджетке таза табыстың белгіленген бөлігі уақытылы аударылмағаны үшін Кәсіпорын Директорының жауапкершілігі айқындалады.
23.Кәсіпорынның Директоры Кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметіне және мүлкінің сақталуына дербес жауапты болады.
24.Кәсіпорынның Директоры Кәсіпорында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекетті ұйымдастыруға дербес жауапты болады.
25.Кәсіпорынның Директоры дара басшылық қағидаттарында әрекет етеді және Кәсіпорын қызметінің барлық мәселелерін Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Жарғымен айқындалатын өз құзыретіне сәйкес дербес шешеді.
26.Директор:
1) Кәсіпорынның атынан сенімхатсыз әрекет етеді және оның мүдделерін барлық органдарда білдіреді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекітілген шектерде Кәсіпорынның мүлкіне билік етеді;
3) шарттар жасасады және өзге де мәмілелер жасайды;
4) сенімхаттар береді;
5) банктік шоттар ашады;
6) Кәсіпорынның барлық қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
7) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес Кәсіпорынның қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және олармен еңбек шарттарын бұзады, көтермелеу шараларын қолданады және егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Жарғымен өзгеше көзделмесе оларды жазаға тартады.
Тиісті саланың уәкілетті органы Директордың ұсынымы бойынша қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Кәсіпорын қызметкерлерінің номенклатурасы осы Жарғыда белгіленеді
8) өзінің орынбасарларын қызметке тағайындау және қызметтен босату үшін тиісті саланың уәкілетті органына кандидатуралар ұсынады;
9) өзінің орынбасарлары мен Кәсіпорынның басқа да басшы қызметкерлерінің құзыретін белгілейді;
10) тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша Кәсіпорынның филиалдары мен өкілдіктерінің директорларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
11) Кәсіпорынның филиалдары мен өкілдіктері туралы ережелері бекітеді;
12) Кәсіпорын жанындағы ғылыми-әдістемелік және талдамалық кеңеске басшылықты жүзеге асырады;
12-1) Кәсіпорынның даму жоспарын іске асырудың нәтижелілігіне және тиімділігіне директор жауапты болады;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
27.Кәсіпорынның мүлкін, құны оның теңгерімінде көрсетілетін Кәсіпорынның активтері құрайды.
28.Кәсіпорынның мүлкі бөлінбейтін болып табылады және салымдар (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері, пайлар) бойынша, оның ішінде Кәсіпорын қызметкерлерінің арасында бөлуге болмайды.
29.Кәсіпорынның мүлкі:
1) оған меншік иесі берген мүліктің;
2) өз қызметiнiң нәтижесінде сатып алынған мүлiктің (ақшалай табыстарды қоса алғанда);
3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаражат көздерінің есебінен қалыптастырылады.
30.Кәсіпорынның жүргізілуінде тек оның жарғылық мақсаттарымен көзделген қызметін қамтамасыз ету үшін оған қажетті, не осы қызметтің өнімі болып табылатын мүлкі болуы мүмкін.
31.Жедел басқару құқығын алу және оны тоқтату, егер осы бапта өзгеше көзделмесе немесе заттық құқықтың табиғатына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде меншік құқығын және өзге де заттық құқықты алу мен тоқтату үшін көзделген талаптарда және тәртіппен жүзеге асырылады.
32.Жедел басқарудағы мүлікті пайдаланудың жемістері, өнімі мен кірістері, сондай-ақ Кәсіпорын шарттар немесе өзге де негіздер бойынша алған мүлік Қазақстан Республикасының заңнамасында меншік құқығын алу үшін белгіленген тәртіппен Кәсіпорынның жедел басқаруына түседі.
33.Егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен немесе меншік иесінің шешімімен өзгеше белгіленбесе, мүлікке жедел басқару құқығы, оған қатысты меншік иесі оны Кәсіпорынға бекіту туралы шешім қабылдаған, Кәсіпорында мүлікті өз теңгеріміне бекіткен сәтінде туындайды.
34.Кәсіпорынның негізгі құралдарға жататын мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту шарттары негізінде иеліктен айыруға құқығы жоқ.
35.Кәсіпорынның мүлкіне жедел басқару құқығы, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 249-бабында көзделген тәртіппен және меншік құқығын тоқтату негіздері бойынша, сондай-ақ осы Жарғының 36-тармағында көзделген жағдайларда тоқтатылады.
36.Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша кәсіпорынға бекітілген мүлікті алып қоюға не оны құрған басқа заңды тұлғалар арасында қайта бөлуге құқылы.
37.Жедел басқару құқығындағы мүлікті алып қою туралы шешімде мемлекеттік мүлік жөнінде уәкілетті орган кәсіпорынға оны өзге тұлғаға бергенге дейін алып қойылған мүлікті күтіп ұстау және сақталуын қамтамасыз ету мерзімдерін белгілеуге құқылы.
38.Осы Жарғының 34-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Кәсіпорын негізгі құралдарға жататын, өзіне бекітіліп берілген мүлікті иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге, дебиторлық берешекті мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның жазбаша келісімімен ғана беруге және есептен шығаруға құқылы.
39.Кәсіпорын оған жедел басқару құқығында бекітілген негізгі құралдарға жатпайтын жылжымалы мүлікке дербес билік етеді.
40.Кәсіпорынның қызметі өз табысы және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен алынған бюджет қаражаты есебінен даму жоспарына сәйкес қаржыландырылады.
Кәсіпорынның даму жоспарын әзірлеу және бекіту тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
41.Кәсіпорынның таза табысының бір бөлігін аудару нормативі мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен белгіленеді.
Кәсіпорынның таза табысының бір бөлігі белгіленген нормативтер Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде белгіленген тәртіппен республикалық бюджетке аударылуы тиіс.
Кәсіпорын таза табысының бір бөлігін республикалық бюджетке аударуды корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізеді.
42.Кәсіпорын өзі өндіретін өнімді дербес өткізеді.
43.Кәсіпорын өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрстілген қызметтердің) бағаларын тиісті саланың уәкілетті органы белгілейді.
44.Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған, Кәсіпорынның Жарғысында көзделмеген қызметтi жүзеге асырудан осы кәсіпорын алған табыстар, сондай-ақ бюджеттен қаржыландыру есебінен құралған, сатылатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің) белгіленген бағаларын көтеру нәтижесiнде алынған табыстар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен бюджетке алып қоюға жатады. Мүлікті бухгалтерлік есеп қағидалары бойынша тиісті түрде көрсетпей пайдалану фактілері анықталған жағдайда, ол да алып қоюға жатады.
45.Кәсіпорынның жарғылық капиталы меншік иесінен жарғылық қызметті жүзеге асыру үшін басқаруға алынған мүліктен қалыптасады.
46.Кәсіпорынның бухгалтерлік есебін жүргізу және қаржылық есептілігін жасау Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына және қаржылық есептіліктің тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша халықаралық стандарттарына сәйкес Кәсіпорынның Директоры бекітетін есеп саясатына сәйкес жүзеге асырылады.
47.Кәсіпорынның жылдық қаржылық есеп беруі бухгалтерлік теңгерімді, табыстар мен шығындар туралы есепті, ақша қозғалысы туралы есепті, өз капиталындағы өзгерістер туралы есепті, түсіндірме жазбаны қамтиды.
48.Кәсіпорын өз мiндеттемелерi бойынша өзiнiң билігіндегі ақшамен жауап бередi. Ақша жеткіліксіз болған кезде, оның міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасы республикалық бюджет қаражатымкен субсидиарлық жауаптылықта болады..
49.Кәсіпорынның әкімшілігі мен еңбек ұжымы арасындағы өзара қатынас Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және ұжымдық шартқа сәйкес айқындалады.
50.Кәсіпорынның жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібі қағидасына сәйкес белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс
51.Кәсіпорынның еңбекақы төлеу қорының мөлшерін жыл сайын тиісті саланың уәкілетті органы белгілейді.
52.Кәсіпорынның қызметкерлеріне еңбекақы төлеу «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысымен бекітілген еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес жүргізіледі.
53.Кәсіпорынды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүргізіледі.
Кәсіпорын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен көзделген басқа да негіздер бойынша таратылуы мүмкін.
54.Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, Кәсіпорынды қайта ұйымдастыруды және таратуды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша тиісті саланың уәкілетті органы жүзеге асырады.
55.Кредит берушілердің талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған таратылған Кәсіпорынның мүлкін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган қайта бөледі.
Кредит берушілердің талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған таратылған Кәсіпорынның ақшасы, Кәсіпорынның мүлкін сату нәтижесінде алынған қаражатты қоса алғанда, республикалық бюджеттің табысына есептеледі.
56.Кәсіпорынның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар тиісті саланың уәкілетті органының ұсынымы бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның бұйрығымен енгізіледі.
Директор ____ ____
Т.А.Ә. қолы