Әлжан Жармұхамедов – қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы! 1972 жылғы Олимпиада жеңімпазы, 1976 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Совет одағының 10 мәрте, Еуропаның 3 дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс және қола медалисі.
Қадірлі оқырман, «Советский спорт» газеті 1972 жылғы 5 қыркүйекте Әлжанның Мюнхен олимпиадасындағы ғажап ойыны туралы былай деп жазды: Жас ойыншы Дворныйға Югославия командасының серкесі Чосичті тұсау тапсырылды. Дворный толқуын баса алмай, қарсыласының алдында әлсіздік танытты. Алаңға Жармұхамедов шықты. Енді Чосичтің өрісі тарыла бастады. Әлжан одан аласалау болғанымен, әбжіл қимылмен Чосичтің аяқ-қолын байлап тастады. Югославия жаттықтырушысы Р. Жероаица құраманың лидерін ауыстыруға мәжбүр болды.
Совет құрамасы чемпион болған Мюнхен олимпиадасында қазақ баскетболшысы сегіз ойында орта есеппен 8,7 ұпайдан еншілеп, шығыршықтан серпілген допты 5,1 реттен қағып алып, команда бойынша ең үздік нәтиже көрсетті. Финалда АҚШ құрамасына қарсы ең ұзақ, 36 минут ойнаған Жармұхамедов болды.
«Тарамыс денелі, бойшаңдығына қарамастан фантастикалық дәрежеде жылдам әрі сұмдық серпінді жігіт «қалқаннан» (щиттен) кері серпілген допқа талас кезінде өзінің ешкімге ұқсамайтын ойын техникасымен көп жағдайда қарсыластарын сан соқтырып кететін, – дейді әлемдік деңгейдегі баскетбол маманы Владимир Гомельский. – Жармұхамедов өз шығыршығы астынан допты іліп алған бетте ЦСКА мен ССРО құрамасы жылдам шабуылға көшетін, – дейді Владимир Гомельский. – Өйткені Әлжан секірген бойда допқа қолы тиісімен әуеде 180 градусқа шыр айналып, бетін ойын алаңына бұрып үлгеретін. Содан қорғаушылардың біріне пас беріп, өзі алға қарай оқша атылатын. Сол қарқынмен өзінен доп алған әріптестерін басып озып, қарсы команданың шығыршығына жетіп үлгеретін.
Бойы 207 сантиметр, салмағы 92 келі Әлжан Жармұхамедов он жылдан аса уақыт ССРО құрамасындағы ішкі бәсекеге төтеп беріп, үнемі бабын сақтай білді.
Профессор Александр Гомельский Жармұхамедов туралы былай деп жазды: «Әлжан контратака кезінде қарсыластарын шаң қаптырып кетуші еді. Орта қашықтықтан доп тастауы, допты сезінуі, алаңдағы ахуалды тамыршыдай тап басуы адамды қайран қалдыратын».
Әлжан Жармұхамедов деректерімен жасалған видеоға өту