Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Дене шынықтыру және спорт бойынша оқу-әдістемелік және талдау орталығы ұйымдастырған «Жеңіске жеткізетін төрт тұғыр: 1.Тәрбие 2.Білім 3.Еңбек 4.Намыс» тақырыбындағы жиын Түркістан қаласында өтті.
Жас спортшылар мен мамандармен кездесуге Қазақстан жазушылар одағының басқарма мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, халықаралық қазақ-түрік университетінің ұстазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор Әбдісадық Халилаев және Дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері, ересектерден Азия ойындарының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дидар Хамза арнайы шақырылды.
Құлбек Сәрсенұлы қалың көпшілікке күш атасы Қажымұқан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров және қазақ спорт әдебиетінің көрнекті өкілі Сейдахмет Бердіқұл туралы әсерлі әңгіме айтты. Қазақ халқын, жерін әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен Жақсылық Үшкемпіров тек спортшы емес, елін-жерін сүйетін нағыз ер азаматтар болғандығын баяндады. Айта кетсек, Жақсылық Үшкемпіров спорт мектебін ашып, балаларды күреске тегін тартқан. Оған қоса балуанның жеңіс жолындағы сырын да жиналған қауыммен бөлісті. Яғни, Жақсылық Үшкемпіров күнделік жазып, әр қарсыласының әлсіз тұстарын зерттеп отырған. Өз сөзінің соңында Құлбек Ергөбек жастарға тек спортшы емес, рухани жағынан жетіліп, білім қуып, жан-жақты маман болуларын тіледі.
Әбдісадық Халилаев үлкен белестерді бағындыру жолында білім мен ғылымның ерекше рөлін атап өтті. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы «Қазақ елі әлемдік өркениетке ілесуі үшін білімді әрі Отан сүйер жастарымыз көп болу қажет» деп өз сөзін түйіндеді.
Ал өз тәжірибесіне сүйенген спортшымыз Дидар Хамза артынан ерген бауырларына жеңіске жетуде күнделік жазудың пайдасы мен тәлім-тәрбиенің, білімнің маңыздылығына тоқталды.
Мән-мағыналы кездесуден болашақ жастар рухтана түскені анық байқалды. Өздерімен арнайы жүздесуге келген аға буын өкілдеріне сұрақтарын аямай, салиқалы әңгіме құрды.