Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Дене шынықтыру және спорт бойынша оқу-әдістемелік және талдау орталығы ұйымдастырған «Жеңіске жеткізетін төрт тұғыр: 1.Тәрбие 2.Білім 3.Еңбек 4.Намыс» тақырыбындағы жиын Бекзат Саттарханов атындағы интернат-колледжінде де өтті.
Болашақ спортшылармен кездесуге ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жанпейіс Жабаев, әлем чемпиондары Біржан Жақып, Қайрат Ерәлиев, Азия чемпиондары Мейіржан Шермаханбет және Әлімхан Сыздықов келді.
Интернат-колледж студенттері ел мақтаныштарының Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттарындағы суреттері мен видеоларын көріп үлкен шабыт алды. Балалар кездесуге қатысқан чемпион ағаларына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, пікір алысты.
Осындай кездесулер жастардың қатарластарына өнеге болып, өздері де болашаққа үлкен сенім арту үшін маңызды екендігі анық.