Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен өткізілген «Жеңіске жеткізетін төрт тұғыр: 1.Тәрбие 2.Білім 3.Еңбек 4.Намыс» тақырыбындағы кездесу аясында Дене шынықтыру және спорт бойынша оқу-әдістемелік және талдау орталығы Түркістан облысы Шардара қаласының спорттық өмірімен танысып қайтты.
72 мың адамы бар Шардара ауданында әсіресе, қол күресі кеңінен таралған. Айта кетсек, жергілікті спортшылар армрестлингтен Әлем чемпионатының 74, Азия чемпионатының 278 алтын медалін жеңіп алған. Аталмыш спорт түрінің осы аймақта дамуына Қазақстан чемпионы Арман Қарсыбайдың үлкен үлес қосқанын тілге тиек еткен дұрыс. Жергілікті балаларды жаттықтыруды ол 2000 жылы бастады. Қазіргі таңда Арман Қарсыбай негізін салған «Шардара Армспорт» клубында қол күресінен 500-дей спортшы бар.
Тек қол күресінің өзінен мұнда Қазақстан Республикасының 1 еңбек сіңірген спорт шебері, 68 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 124 спорт шебері тұрады. Осындай көрсеткішке сүйене отырып, Шардара қол күресі клубы дүние жүзіндегі мықты орталықтардың бірі деуге негіз бар.
25000 тұрғыны бар қалада қол күресіне қоса, дзюдо, бокс, каратэ, таэквандо, семсерлесу, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, пауэрлифтинг және гір көтеруден арнайы спорт залдар бар. Заманауи талаптарға сай тұрғызылған спорттық кешендердің жағдайы көз тоярлық. Осындай жағдай жасалған бұл өңір Қазақстан бойынша жастарды спортқа баулуда үлкен нәтиже көрсетуде.