Күрес ғасырлар бойы қазақтың дәстүрлі өнеріне айналып, құрыш білек, бекем бел балуандарын ерекше қастер тұтып, төрге оздырған ел едік. Кейінгі 20 жылда осы бір қымбат дәстүріміздің қасиетін жоғалтып, қадірін кетіре бастадық. Тарихымызға көз жүгіртсек, ықылым заманнан балуандарға бай елміз. Батырлар жырларындағы Алпамыс, Ер Тарғын, Қобыланды, Ер Қосайлар шетінен мерген, шетінен найзагер, шетінен бұла күші бұлықсыған балуандар еді. Бертіндегі Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайлар жауынан жеңіліп, шаршы топта жығылып көрмеген ерлер еді ғой. Қажымұқан, Балуан Шолақ, Молдабайлар, бертіндегі Әбілсейіт, Шәміл, Жақсылық, Дәулеттер туған халқының намысын ешкімге таптатпай, байрағын бекем ұстаған асылдарымыз емес пе еді! Енді не күйге түстік? Неден жаңылдық? Қай тұста қия бастық? 1998 жылы Бақтияр Байсейітов дүние жүзінің чемпионы болғаннан бергі 26 жылда бір қазақ баласы грек-рим күресінен әлемдік чемпионатта топ жарған жоқ. Ең басты себеп - ұлттық рухымыз бен қасиетті тілімізді аяқасты қылдық. Сосын білімсіздікке белшеден батып, өз қазынамызды өзіміз ұялмай тонайтын ашкөздікке ұрындық. Мұндай елге жеңіс қайтіп ұя бассын! Он бапкердің тоғызының қолында жүйелі, сауатты жаттығу жоспары болмаса, қайтіп оңасың?! Отыз жылда спорттағы ең керекті, ең қымбат мамандық – бапкерлік кәсіптің мектебін қалыптастыра алмаған соң жылағаннан не пайда? Налығаннан не пайда?! Менің мына жазбамның да жел ұшырған қаңбақ құрлы қадірі жоқ. Себебі, спорт саласын білімсіздік пен жалаң намыс жайлап алды. Ал іргедегі қырғыз бауырлар ең әуелі ұлттық намысын нығайтып, ынтымағын күшейтіп, ізденісін, білімін ұштай келе жер шары күресінің алдыңғы шебіне шықты. Олардың ең айтулы бапкерінің бірі – ғалым-жаттықтырушы Мейрамбек Ахметов, қазақ! 2 мәрте әлем чемпионы Ақжол Махмұдовтың ұстазы.