Ақтөбедегі Есет батыр атындағы дарынды балаларға арналған облыстық спорт интернат-колледжі көрген адамның көз жауын алатындай өзгерген

Оның негізін қалаған белгілі спорт қайраткері, самбо күресінен дүние жүзіндегі он үздік төрешінің қатарына енген, самбодан әлемнің үш мәрте чемпионы, дзюдо күресінен дүние жүзі чемпионатының қола жүлдегері Асхат Шахаровтың, әлем чемпионы Райса Байлиева, тағы басқа белді балуандардың ұстазы Асылбек Құлмағамбетов. Заманауи талаптарға сай спорт интернат-колледжінде 267 ер бала тәлім алуда. Мұнтаздай таза бір бөлмеде екі баладан тұрады. Кітапхана, асхана, демалыс, сабақ оқу бөлмелері, жуынатын, киім ауыстыратын орындар, бәрі-бәрі ыңғайымен, спортшыларға қолайлы етіп жасалған. Болашақ ел мақтаныштарының киімдері де біркелкі: ақ жейде мен көк кеудеше.

Оған қоса, мұғалімдер мен тәрбиешілер спортшы балалар тек жаттығу мен бәсеке қуып, қарайып, таяз болып қалмасын деген ниетпен барлық балалардың бетін поэзияға, кітап оқуға бұрған көрінеді. Барлығы дерлік Абай мен Мұқағалидан бастап талай ақынның өлеңдерін жатқа айтады.

«Шәкірттеріміз чемпион атанумен қатар, Отанын сүйетін, еліне қызмет жасайтын білімді азаматтар болғанын қалаймыз», дейді директордың міндетін атқарушы Сандуғаш Мұратқызы. Мектептің педагогикалық ұжымы бала тәрбиесі мен біліміне баса назар аударуда. Осындай жан-жақты жағдай жасалынған мектебі мен жанашыр ұстаздары бар спортшы балалардың талабы оң, шығар белесі биік болсын, дейміз. Интернаттың бұрынғы басшысы Ғабиден Ұлықпанұлына біз де шәкірттері атынан алғысымызды білдіреміз!