Сұрапыл сол жамбас

Дәулет Тұрлықанов. ХХ ғасырда жер шарындағы ең алып мемлекеттің – Совет одағының қатарынан 7 дүркін чемпионы болған тарихтағы жалғыз балуан! 1970-1990 жылдары ССРО құрамасы әлемдік күрестің көш басында тұрды. Ал ер Дәулет 1986-1992 жылдары чемпиондық атақты ешкімге ұстатқан жоқ. Оның ең оңтайлы әдісі – қарсыласын сол жамбаспен жығу болатын. Сол тұстағы ССРО құрамасының бас бапкері Геннадий Сапунов оған «Даулет Турлыханов - борец до мозга костей» деп баға берді.

Дәулет балуан – грек-рим күресінен дүние жүзінің чемпионы (1989 ж.), әлем чемпионатының күміс (1993) және қола (1987) жүлдегері.

Сеул олимпиадасының күміс, Барселона олимпиадасының қола медалисі Дәулет Болатұлы қатарынан 3 Олимпиада ойындарына қатысқан бірінші қазақ спортшысы (1988, 1992, 1996 ж.ж.)

Ол Еуропа чемпионы (1987), ССРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы (1991), Әлем кубогы бәсекесінде 2 рет топ жарды (1986, 1990).

1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты Дәулет Болатұлы Азия ойындарының чемпионы атанды! Яғни, қазақ спортының тарихындағы тұңғыш депутат-чемпион – Дәулет Тұрлықанов!

Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлықанов 1995, 1996 жылдары екі рет Азия чемпионы болды. 1992 жылы жас Қазақ мемлекетінің экономикасы әлсіреп тұрған тұста «Дәулет» кәсіпқой спорт клубын құрып, көптеген спортшылар мен бапкерлерді бірнеше жыл бойы қаржылай қолдап отырды.

«Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары», тағы басқа құнды тарихи кітаптардың жарық көруіне қаржылай жәрдем берді. Қазақ елінің әр жерінде өз қаржысына бірнеше спорт кешенін тұрғызды.

1995 жылы бас бапкер Дәулет Тұрлықанов баптаған Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының командалық бас жүлдесін жеңіп алса, 1998 жылғы әлем чемпионатында Дәулет тізгінін ұстаған қазақ құрамасы үшінші орынға табан тіреді.

2001-2006 жылдары Дәулет Тұрлықанов Қазақстан Республикасының Туризм және спорт агенттігінің төрағасы болды.

Қазір Дәулет Болатұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Дүниежүзілік күрес федерациясының бюро мүшесі, Азия күрес федерациясының президенті.

Дәулет Тұрлықанов деректерімен жасалған видеоға өту