«Спорт түрлеріндегі күштік жаттығулар» тақырыбындағы оқу семинар

Бүгін, 22 қазан, «Сарыарқа» республикалық велотрегінің ғимаратында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК (одан әрі – Орталық) спорт саласының мамандарына арналған «Спорт түрлеріндегі күштік жаттығулар» тақырыбында оқу семинар өткізді. Бұл іс-шараны елімізде пандемия басталғалы Орталық алғаш рет оффлайн форматында ұйымдастырды.

Спорт мамандарына 2011-2018 жылдары ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының және ауыр атлетші, әлем чемпионы Илья Ильиннің бұрынғы бапкері қызметін атқарған Болтаев Ержас Бекназарұлы дәріс оқыды.

Семинардың алғашқы бөлімі күшті дамыту факторлары, бұлшықетті дамыту, жылдамдықты арттыру секілді тақырыптарды қамтыды. Ал екіншісінде Ержас Бекназарұлы арнайы спорттық құрал-жабдықтарды пайдалана отырып кейбір жаттығулар түрлерін көрсетті. Айта кету керек, мұндай жаттығулардың тек спортшыларға ғана емес, денсаулығы мен дене бітімін жақсартқысы келетін қарапайым адамдарға да пайдасы зор. Оған қоса, 2019-2021 жылдары ауыр атлетикадан Өзбекстан ұлттық құрамасының бапкері болған Ержас Бекназарұлы спортшыларды дайындау бойынша өзге де елдердің тәжірибесімен бөлісті.

Жаттықтырушы кез-келген адам өз ісін жақсы көру, әрқашан ізденісте жүру және еңбегіне адал болу қағидаларын жадында ұстаса, міндетті түрде үлкен жетістіктерге жететінін алға тартты.

Семинар соңында дәріскерге Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы алғыс хат пен Орталықтың мамандары әзірлеген әдістемелерді тарту етті.