А.ж. 8 сәуірінде Қарағанды қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен спорт мәселелері бойынша көшпелі кеңейтілген кеңес өтті. Іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, өңірлердің дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары және т.б. қатысты.
Жиын барысында спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев еліміздегі спорт интернаттары мен федерациялардың атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Сонымен қатар, төраға негізгі спорт түрлері анықталып, соларға басымдық берілетіндігін жеткізіп, жалақы төлеу секілді сала бойынша бірқатар мәселелердің бетін ашып айтты.
Өз кезегінде Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының директоры Қыдырбек Рысбек спорттық мектеп-интернаттардың жұмыстарын салыстырмалы сараптау негізінде олардың тиімділігі және еліміздегі жоғары оқу орындарында спорт саласы бойынша кадрларды дайындау мәселелері туралы баяндады. Оған қоса, Орталық директоры Маңғыстау қаласындағы бокс спорт клубының нәтижелері мен жетістіктеріне де тоқталды. Яғни, оның тәжірибесі басқа клубтарға негіз болатындығы айтылды.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жасалған баяндамалардың негізінде еліміздің спорт саласында оң өзгерістер болатындығын алға тартты. Яғни, жаңа нысандар бой көтеретіндігі, Токиодағы жазғы және Бейжіңдегі қысқы олимпиадалардағы спортшыларымыздың қателіктерін алдағы уақытта болдырмауға күш жұмсалатындығы айтылды. Сонымен қатар, министр спорт саласындағы жетістіктер мен кемшіліктер бойынша қорытынды нәтижелер жыл соңында аймақ әкімдеріне жіберілетінін хабарлады.