2020 жылғы 30 желтоқсанда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде министр Ақтоты Райымқұлованың төрағалық етуімен спорт және дене шынықтыру саласында атқарылған іс-шараларды қорытындылау бойынша кеңес өткізілді.
Министр елдегі пандемияға қарамастан, спорт және дене шынықтыру саласында біршама жұмыстар атқарылғандығын жеткізді. Оның ішінде:
- 2020 жылғы 23 сәуірдегі Үкімет қаулысымен «2020-2025 жж. Дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар» жасалып, бекітілді;
- Дене шынықтыру мұғалімдеріне оқудан тыс сабақ өткізгендері үшін базалық лауазымдық жалақыға 100% көлемінде қосымша ақы енгізілуде;
- 2020 жылдан бастап Допингке қарсы зертхана, Ұлттық допингке қарсы орталық, Республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы, сондай-ақ Спортты дамыту дирекциясы қызметкерлерінің жалақысы екі есе өсті.
Сонымен қатар, жиын шеңберінде Ақтоты Райымқұлова мекеменің әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, халықпен ашық диалог құруда екендігін алға тартты. Айта кетсек, YouTube, Instagram, Facebook, Telegram парақшаларында және жоба сайтында ауқымды жұмыс атқарылуда.
Кеңес соңында министрдің құрмет грамоталарымен және наградаларымен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары салтанатты түрде марапатталды. "Республикалық дене шынықтыру және спорт бойынша оқу-әдістемелік және талдау орталығы" РМҚК директоры Мыхыбаев Абзал Тұңғатарұлына Құрмет грамотасы ұсынылды.