Ғұсман Қырғызбаев Олимпиаданың қола жүлдегері

Париждегі Олимпиада ойындарында дзюдодан 66 келіде отандасымыз Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдегер атанды. Ғұсман мансабында алғаш рет Олимпиадаға қатысып қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл дзюдодан Париждегі екінші жүлдеміз. Кеше Елдос Сметов алтын медаль алған. Ғұсманның талай жылғы төккен тері ақталды. Осыған дейін көп кедергілерден өтті. Қаншама сынаушылардың сөзін елемей мақсатына жетті. Нағыз батыр, жарайсың дейміз!

Ғұсман Париж татамиінде алдымен испандық Давид Гарсия Торнені алтын уақытта ваза ари ұпайымен жеңсе, екінші айналымда Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионы Оңт.Корея балуаны Ан Баулмен күресті. Атағынан ат үркетін кореялық балуаннан жасқанбады. Оны да ваза ари ұпайымен қапы қалдырды. Ширек финалда татами иесі Валид Хьярмен белдесіп, негізгі уақыттың аяқталуына 6 секунд қалғанда қарсыласының қос жауырынын татамиге қадап жартылай финалға шықты. Жартылай финалда Ғұсман бразилиялық Виллиан Лимаға есе жіберді. Қола медаль үшін белдесуде, Сербия дзюдошысы Бунчич Страхинжадан айласын асырып, Олимпиаданың қола жүлдесіне ие болды.