Ғұсман Қосанов, әйгілі желаяқ, Қазақ елінің тұңғыш Олимпиада жүлдегері (1960 ж.), 4х100 метрге эстафеталық жарыстан Совет одағының чемпионы, ССРО-АҚШ, ССРО-Ұлыбритания бәсекесінің жеңімпазы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Ғұсман Қосанов – әйгілі желаяқ. Ол 1935 жылы Семей облысы, Бесқарағай ауданы, Изатулла ауылында өмірге келді. Сегіз жасында анасынан айрылған Ғұсман азаннан кешке дейін қара жұмыс істеп, ауыр бейнетпен күн кешті.
Ғұсман әскер қатарында жүріп 100 метрге жүгіруде Украина чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 1958 жылы Молдавия құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Масловскийдің шақыруымен Ғұсман Кишиневке ауысады. Сол жылдың күзінде желаяқ қазақ 4х100 метр эстафетада, 100, 200, 400 метрлік бәсекелерде Молдавияның 4 дүркін чемпионы болды.
1960 жылы Ғұсман Қосанов қазақ спортшыларынан бірінші болып ССРО чемпионы атағын жеңіп алды. 1960 жылы Совет одағының эстафеталық құрамасы сапында Рим олимпиадасының күміс медалін кеудесіне жарқырата тақты.
Ол 1962 жылы 100 метрді 10,2 секунда жүгіріп, Совет одағының рекордын қайталаса, 200 метрге жарыста 21,1 секунд нәтижемен Қазақстанның жаңа рекордын орнатты.
Ғұсман Қосанов 1965 жылы ССРО командасы сапында 1964 жылғы Олимпиада жеңімпаздары АҚШ құрамасын 4х100 метрлік эстафетада басып озып «Совет одағының еңбек сіңірген спорт шебері» атағына ие болды. Совет командасы осы жарыста 39,3 секунд нәтижемен ССРО-ның жаңа рекордын жаңғыртты.
Қосанов 100 метрге жарыста ССРО чемпионатының күміс (1966 ж.) және қола медалисі (1963 ж.) және 4х100 метрлік эстафета бойынша күміс және қола жүлдегері (1968, 1964 ж.ж.)
ХХ ғасырдың 60-ыншы жылдары қазақтың қос желаяғы Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқов дүние жүзіндегі ең ұшқыр желаяқтардың алдыңғы сапында жүрсе, содан бергі 60 жылда бес құрылық мойындаған бір жүйрік баптауға жарамадық. Иә, ұлтсыздық дерті спортты жайлап алғалы қашан?! Зор сілкініс керек біздің ұлтқа!
Ғұсман Қосанов деректерімен жасалған видеоға өту