Спорт сүйер қауым Шоқаңды «қазақ боксының атасы» десе, ұлтымыздың спорт әдебиетінің негізін қалаушы Сейдахмет Бердіқұл «Қазақстанға бокс қолғабын ең алғаш арқалап келген адам», деп ол кісінің тарихи еңбегін бір-ақ ауыз сөзге сыйғызды.
Иә, Шоқыр Бөлтекұлы 223 жекпе-жектің 199-ында жеңіске жеткен айтулы боксшы. 1947 жылы барлық спорт түрлері бойынша қазақ жастарынан бірінші болып ССРО спорт шебері атанды.
Шоқыр Бөлтекұлы олимпиялық спорт түрлерінен ұлтымыздың тұңғыш кәсіби бапкері. Қазақ елінде күрес түрлерінен үйірмелер енді ашылып жатқан 1947 жылы Шоқырдың шәкірті Махмұд Омаров 51 келі салмақта Совет одағы чемпионатының қола медалін жеңіп алды. Яғни, Қазақ елінде олимпиялық спорт түрлерінен ССРО чемпионатының ең бірінші медалін Шоқырдың шәкірті Махмұд Омаров олжалады.
Қазақ елінде грек-рим және еркін күрес шеберлері 1960 жылдардан бастап жоғары нәтижелерге жете бастаса, Шоқыр Бөлтекұлының шәкірттері Махмұд және Мақсұт Омаровтар, Геннадий Рожков, Игорь Иванов, Әбдісалан Нұрмаханов, Владимир Каримов, Анатолий Кадетов секілді боксшылар 1960 жылға дейін ССРО чемпионаты мен спартакиадасының бірнеше медалін қанжығаға байлап үлгерді.
Яғни, Қазақ елінде олимпиялық спорт түрлері енді-енді тәй-тәй баса бастаған тұста Шоқыр атамыз тізгінін ұстаған бокс саласы халықаралық деңгейге көтеріліп үлгерді.
Шоқыр Бөлтекұлы кадр таңдауда да сұңғылалық танытты. Ол совет өкіметі саяси сенімсіз адамдар ретінде Қазақстанға жер аударып, қара жұмысқа жеккен Густав Кирштейн мен Дәулеткерей Муллаевты бапкерлік қызметке тартты. Елімізде білікті төрешілердің үлкен шоғырын қалыптастырды. Шоқыр ұстаздан тәлім алған Әбдісалан Нұрмаханов, Ескендір Хасанов, Геннадий Рожков және Серік Әбденәлиевтер уақыт оза келе әлемдік деңгейдегі мамандарға айналды.
Қадірлі ағайын, кейінгі 40 жылда әлемдегі бокс державаларының қатарына қосылған қазақ боксының ең алғашқы жеңімпазы, ең бірінші бапкері Ер Шоқаң - Шоқыр Бөлтекұлы екенін кейінгі толқынның біле жүргені дұрыс.
Шоқыр Бөлтекұлы деректерімен жасалған видеоға өту