«РОӘТО» РМҚК жаңа директор тағайындалды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК жаңа директор тағайындалды. Бұл лауазымға Рысбек Қыдырбек Әділбекұлы келді.

Қыдырбек Әділбекұлы Ақмола облысының тумасы. 1985 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының тарих факультетін, 2004 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт факультетін бітірді.

1985 - 2000 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінің спорт және білім бөлімінің тілшісі, республикалық «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Егемен Қазақстан» газетінің спорт секторының меңгерушісі, «Ер-Дәулет» ақпарат агенттігінің бас директоры, ҚР Туризм және спорт агенттігінің баспасөз хатшысы қызметтерін атқарды.

2001-2017 жылдары республикалық Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт интернатының директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы спорт басқармасының басшысы, республикалық Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары, «Қазақ спорты» газетінің бас редакторы, қысқы спорт түрлерінен Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы, Әлия Молдағұлова атындағы Қарағанды облыстық спорт мектеп интернатының, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған республикалық даярлық орталығының және республикалық ат спорты мектебінің директоры болып қызмет істеді.

«Қазақтың 90 бапкері», «Дәулет», «Сұрмерген», «Бекзат», «Манап мектебі» деректі хикаяттарының және «Тұлпардың тұяғы», «Саңлақ» кітаптарының авторы. «Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары», «Қазақ олимпиадашылары» жинақтарының идея авторы және құрастырушысы.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен және Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының «Қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

«Үркер» ұлттық сыйлығының, Б. Бұлқышев, С. Бердіқұл атындағы және ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті сыйлықтарының лауреаты. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

2020 жылдың қараша айынан бастап 2021 жылдың қыркүйек айына дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылыми министрілігі Ұлттық ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығының әдіскері лауазымда қызмет атқарды.