Әсем Орынбай стенд атудың скит бағдарламасында жаңартылған әлем рейтингінде 1-ші орнын сақтап, Париж олимпиадасына баратын болды. Әсем тарихта стенд атудан олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы. Ол бұған дейін Токио олимпиадасында бақ сынаған еді.(26 орын)
Қазақ ежелден мерген халық. Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш мерген қыз - Гүлшат Майлыбаева. Ол 1956 жылы өткен ССРО халықтарының 1-спартакиадасында қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет ерлер сапында өнер көрсетіп, нысана көздеуден (600 мүмкіндіктен 587 ұпай) Қазақстанның жаңа рекордын жасады. 1957 ж. Одесса қаласында өткен ССРО чемпионатында 600 мүмкіндіктен 594 ұпаймен қола медальді олжалады.
Жалпы статистикаға көз жіберсек, мылтық атудан Зәуреш Байбосынова 2010 жылы Азия ойындарында топ жарса, Дина Аспандиярова пневматикалық пистолеттен командалық есепте әлем чемпионы атанды. Әсем Орынбай осы әпкелерінің ізін жалғастыруда. Әсем 2023жылы Ханчжоуда (Қытай) өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында 2 дүркін чемпион атанған еді. Аралас командалық скит және әйелдер арасындағы командалық сайыста жеңіс тұғырына көтерілді. Және Ханчжоуда жекелей сайыста қола жүлдеге қол жеткізген болатын.
Сондай-ақ, 2022 жылы Осиекте өткен әлем чемпионатының аралас командалық сайыстағы қола жүлдегері.
Әсем қыз әзірге 4 Азия чемпионатына қатысып, командалық және жекелей сайыста барлығы 1 алтын, 1 күміс, 5 қола медальді қанжығасына байлады.
Анық Көкенайлы.