ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының (РОӘТО) ұйымдастыруымен бокс бапкерлеріне арналған біліктілікті арттыру курсы жалғасуда. Бүгінгі күннің қонағы – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 2013, 2014 жылдардың қорытындысы бойынша екі рет қатарынан дүние жүзінің ең үздік жаттықтырушысы атанған Мырзағали Айтжанов. Дәріс басталмас бұрын қатысушылардың назарына бапкердің еңбегі мен шәкірттерінің жеңістері туралы шағын видеоматериал ұсынылды.
Жиынды ашқан РОӘТО директоры Қыдырбек Рысбек біліктілікті арттыру курсының мақсаты мен маңыздылығына тоқтала келе, қазіргі таңда сапалы кадр дайындау басты мәселе екендігін айтты. Сондықтан да Орталық алдағы уақытта бірнеше спорт түрінен осындай курстар ұйымдастыруды жоспарлап отырғандығын жеткізді.
Мырзағали Айтжанов дәрісін шәкірттерінің жаттығулары жайында бастады. Әр спортшының ең басты қағидасы еңбек пен тәртіп болу керектігін алға тартты. Яғни, жаттықтырушының айтуынша осы екі ұстаным барда жеңіс болады. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы», дейді Мырзағали Айтжанов. Әр шәкірт бапкерінің баптауына сай нәтиже көрсетеді. Сондықтан да әр жаттықтырушы алдымен өзі жан-жақты білімді болып, үйренуден жалықпау қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ, ол спортшы баптаудағы ғылымның орны мен маңызына да баса тоқталды.
Түс ауа ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов қатысушылар алдында шеберлік сағатын өткізді. Жер-жерден жиналған мамандар Мырзағали Құланұлының дәрісіне дән риза болысты.
Семинар соңында Қыдырбек Рысбек Орталық атынан Мырзағали Айтжановқа алғыс хат тапсырды.