Олимпиада шымылдығын садақшылар ашады

Париж олимпиадасында қазақстандықтардан алғаш болып садақшылар жарыс жолына шығады. Олар: Дәулеткелді Жаңбырбай, Александр Еременко, Ильфат Абдуллин.

Осы үш спортшы Тайландтағы Азия чемпионатында командалық есепте екінші нәтиже көрсетіп, Олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алды.

Құрамадағы тәжірибелісі - Ильфат. Ол Олимпиадаға екінші рет қатыспақ. Токио олимпиадасында 17-орынға тұрақтаған. Ильфат Азияның кубок жарыстарында 2 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдеге ие болды. Ханчжоудағы Азия ойындарында 4-орынға табан тіреді.

Дәулеткелді Жаңбырбай садақ атудан Олимпиада ойындарына қатысатын үшінші қазақ спортшысы. Бұған дейін қазақ жастарынан Олимпиадаға Сұлтан Дүзелбаев және Санжар Мұсаев қатысты.

Дәулеткелді мен Александр үшін Париж-2024 – алғашқы Олимпиада. Қос спортшы осыған дейін командалық сайыста Азия кубогы жарыстарында жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Олимпиада бәсекесіне 32 спортшы қатысады. Олардың арасында 2 дүркін Олимпиада чемпионы, 3 дүркін әлем чемпионы Ким Вужин (Оңт. Корея), Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионы Элиссон Брейди (АҚШ), Азия ойындарының жеңімпазы Баатархуяг Отгонболд (Монғолия), Токио олимпиадасының чемпионы, 2023 жылғы әлем чемпионы Мете Газоз (Түркия), әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ериш Петерс (Канада), әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері Маркус Винисиус Алмейда (Бразилия) т.б. мықтылар бар.

Мергендеріміздің жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспіз!