Бүгін, Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Республикалық спорт колледжі» РМҚК 50 жылдық мерейтойына арналған «Олимпиада резервін дайындаудың өзекті мәселелері: инновациялар және даму перспективалары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Іс-шараның ұйымдастырылуына ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК ат салысты.
Конференция мақсаты – тәжірибедегі спорт, ғылым, білім саласындағы инновациялық өзгерістерді талқылау, спорт саласындағы мамандардың кәсіби шеберлігімен бөлісу, тәжірибе алмасу және кәсіби ынтымақтастық пен серіктестікті дамыту.
Аталмыш жиынға ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне бағынысты олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждерінің және мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектептерінің жаттықтырушы-оқытушылары, оқытушылары, студенттері қатысты.
Іс-шара 4 платформа бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар келесі тақырыптар бойынша мақалалар әзірлеп, баяндады:
- Қазіргі жағдайдағы олимпиадалық спорт, дене шынықтыру және ұлт денсаулығы;
- Спорт саласына мамандар даярлаудың медициналық және биологиялық аспектілері;
- Спорт саласына мамандар даярлаудың құқықтық, әлеуметтік, экономикалық, ақпараттық аспектілері;
- Спорт саласына мамандар даярлаудың педагогикалық және психологиялық аспектілері.
Республикалық конференция соңында барлық қатысушыларға сертификаттар ұсынылды.