Назым Қызайбай - Олимпиаданың қола жүлдегері

Париж олимпиадасында бокстан әйелдер арасында 50 келіде бақ сынаған Назым Қызайбай қола жүлдегер атанды. 2 дүркін әлем чемпионы, 30 жасында Олимпиадаға қатысып, өзінің қайтпас қайсарлығымен Олимпиада медаліне қол жеткізген қарындасымызға көпшіліктің атынан құтты болсын айтамыз .

Әйелдер боксында ең жеңіл салмақта Олимпиада медалін алу үлкен ерлік. Бұл салмақта Рио олимпиадасында Жайна Шекербекова бәсекеге түсіп, 1/4 финалда жеңілген еді.

Назым бокстан Олимпиаданың медалін алған екінші қазақ қызы. Бұған дейін Дариға Шәкімова Рио олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізген болатын.

Назым Олимпиададағы алғашқы жекпе-жегінде Жиордана Соррентиноны (Италия) жеңді. Есеп - 4:1.

1/8 финалда Каролайн Барбоза де Алмейданы (Бразилия) айқын басымдықпен (5:0) тізе бүктірді.

Ширек финалда Колумбия боксшысы Ингрит Лорена Валенсия Викториядан (Колумбия) басым түсті - 4:1.

Жартылай финалда жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионы қытайлық У Юден айласын асыра алмады - 1:4.