Ораз ҚАҢЛЫБАЕВ – өткен ғасырдың ортасында әлемдегі ең алып империя - ССРО-ның ұлттық құрамасына енген тұңғыш қазақ конькишісі. Қазақстанның 12 мәрте жеңімпазы. Қытайдың 2 дүркін чемпионы. ССРО - Қытай матчының жеңімпазы. ССРО кәсіподақтар құрамасының бас жаттықтырушысы болған білікті маман.
Қазақстан конькишілерінен тұңғыш «ССРО спорт шебері» Ораз Мұсағалиұлы 1953 жылы көпсайыста Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды. 5000, 10 000 метрге жарыста Совет одағы мен Қазақстанның бірнеше рекордын жаңғыртты. Оның бұл рекордтары әлемдік үздік нәтижелермен үзеңгі қағыстырып тұрды. 1952-1953 жылғы қысқы спорт маусымының қорытындысында дүние жүзі бойынша Ораз Қаңлыбаев 10 000 метрде 6-шы, көпсайыста 13-інші орынға табан тіреді. Бұл жөнінде «Советский спорт» газетінің 1953 жылғы 9 мамырдағы санында жазылды. Ораз Қаңлыбаев «Динамо» спорт қоғамы сапында бірнеше рет ССРО чемпионы болды.
Қаңлыбаев советтің кәсіподақтар командасын 6 жыл баптап, 1965 жылы Мәскеудің тапсырмасымен Монғолия құрамасын 1968 жылғы қысқы Олимпиадаға дайындауға жәрдемдесті. 1964 жылғы Олимпиада ойындарында көш соңында қалған монғол жүйріктері 1968 жылғы Олимпиада бәсекесінде кәдімгідей ілгері басты.
Ораз Қаңлыбаев 1964, 1968, 1972 жылдары Қазақстан құрамасының бапкерлік кеңесін басқарып, ССРО құрамасының жаттықтырушылар алқасына енді.
Ораз Қаңлыбаев – қазақ жастарынан әлемдік деңгейде конкиші шығатынын дәлелдеген саңлақ. Ол 1978 жылы өмірден озды.
Қазақ ұлты өз жерінде барынша азшылыққа ұшырап, қыспаққа түскен кезеңде Совет одағын мойындатып Ораз Қаңлыбаев шықса, азаттық жылдарында – халқымыз 13 миллионнан еркін асқан мамыражай заманда сол азаматтың деңгейінде бір конькиші немесе конкиден білікті маман дайындай алмадық. Өкінішті!
Ораз Қаңлыбаев деректерімен жасалған видеоға өту