Серіктің әкесі Керімбек Мәскеуде аспирантурада оқып, 35 жасында студенттерге арнап «Сызба геометрия» деген оқулық жазды. Керімбек Қонақбаевтың бұл еңбегі ғылыми ортада жақсы бағаланды. Анасы Балтуған да ғалым, ұстаз еді. 1977 жылы Керімбек Серігімен бірге жастардың Бүкілодақтық ойындарына барды. Серік салмақ «қуады». Керімбек балам әлсіреп қалмасын деп, таң бозында Минскінің базарынан қой етін сатып әкеледі. Содан етті өзі асып, Серікке аздап жегізіп, сорпасын ішкізеді. Көп ішуге болмайды. Әйтсе де, қуатты тамаққа не жетсін. Серік қарсыластарын тас-талқан қылып жеңді. Ұлының жеңісі көңілін марқайтқан Керімбек: «Серік, сен 80-жылы Олимпиадаға барасың. Мен докторлық диссертациямды сен рингке шығатын уақытқа орайластырып, шілдеге қоямын. Екеуміз сол уақытта Мәскеуде бірге боламыз», деген екен.
Серігін кішкентайынан математикаға баулып, ұлының Мәскеудегі Бауман атындағы жоғары техникалық училищеге түсуін армандаған қайран әке ұзамай бақилық болады. Серік әке сенімін ақтап, бокста ғана емес, математикадан да үздік шықты.
Бапкері Юрий Цхай шәкіртін тек жұдырықтасуға ғана баулыған жоқ. Зерделі баланы жекпе-жекті талдай білуге, қарсыласты зерттеп, оның озық, кемшін жағын сараптауға үйретті.
1979-1984 жылдары жер шарындағы ең танымал боксшының бірі Қонақбаев болды. Дүние жүзінің білікті мамандары 1981 жылдың қорытындысы бойынша Серікті әлемнің ең үздік әуесқой боксшысы деп мойындады. Мұндай асқаралы шыңға ХХ ғасырда қазақтан Серік қана жетті.
Серіктің жеңістері бодан елдің көңілін көкке шалқытты. Бұрын спорт десе, елең қылмайтын қариялардың өзі Серіктің жанкүйеріне айналды. Ал селекция, яғни, шәкірт іріктеу, дарын таңдау бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетті. Жүз газет, жүз телеарна жабылып жасай алмайтын бокс жарнамасын Қонақбаев ешкімге ұқсамайтын сұлу өнерімен бір өзі атқарып шықты.
Қонақбаев 1980-1984 жылдары ССРО құрамасының капитаны, парторгы, комсоргы қызметін атқарып, әлемдегі ең ірі державаның бас командасындағы ең ықпалды, ең беделді спортшының бірі әрі бірегейі болды. Мұндай сенім тек сұрапыл интеллектуалға ғана жүктелсе керек.