Жәнібек Сауранбаев. ХХ ғасырдың 60-ыншы -70-інші жылдарындағы дүние жүзінің ең үздік волейболшыларының бірі.
Жәнібек Нығметұлы қазақ волейболының негізін қалаушы, айтулы бапкер Октябрь Жарылғаповтың төл шәкірті.
Ол 1964 жылы Қазақстан волейболшыларынан бірінші болып Совет одағының ұлттық құрамасына енді. Жәнібек жарқырай көзге түскен тұста ССРО құрамасы Олимпиада ойындарының екі мәрте жеңімпазы болатын.
Кезіндегі совет құрамасының бас бапкері Геннадий Паршин Сауранбаев туралы былай дейді: «Жәнібек досым сол кезеңде дүние жүзіндегі ең үздік волейболшының бірі болды!»
Жәнібек Нығметұлы әлем чемпионатында олжа салған тұңғыш қазақ спортшысы. Сауранбаев Совет одағының құрамасы сапында 1966 жылы әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанды.
Жәнібек Сауранбаев олимпиадалық спорт түрлерінен Әлем кубогын ұтқан бірінші қазақ баласы. Ол 1965 жылы Әлем кубогын жеңіп алды.
1967 жылы Жәнібек Нығметұлы қазақ волейболшыларынан бірінші болып Еуропа чемпионы атанды.
1967 жылы Жәнібек Нығметұлы қазақ волейболшыларынан бірінші болып Еуропа чемпионы атанды.
«Буревестник» 1970,1971 жылдары қатарынан екі рет Еуропа чемпиондарының кубогын жеңіп алды. Сол даңқты команданың капитаны Жәнібек Сауранбаев болатын. Осы бәсекелерде Заңғар Жәркешев баптаған «Буревестник» командасы әлем чемпиондары Герман Демократиялық Республикасының және Чехословакияның күшті клубтарын тас-талқан қылып жеңді.
Совет одағы мен Еуропада үш жыл қатарынан жеке-дара көш бастаған «Буревестник» 1969-1971 жылдары дүние жүзіндегі ең күшті волейбол клубының бірі болды.
Жәнібектің әкесі Нығмет Сауранбаев филологиядан еліміздегі тұңғыш ғылым докторы. 50 мың сөзден тұратын тұңғыш орысша-қазақша сөздіктің авторы. Осындай әкеден тәлім алған Жәнібек Мұхтар Әуезовтен бастап әлемдік классиктердің кітаптарын құмарта оқыды.
Жәнібек Нығметұлы 1964 жылы ССРО құрамасының базалық командасы ЦСКА-ның шақыруын қабыл алмады. Соны кек тұтқан Мәскеудегілер Сауранбаевты Токио мен Мехико олимпиадаларына апармай қойды.
Ой-хой, дүние-ай! Бір кезде әлемдік волейболдың көш басында қазақтар тұрды десе, қазіргі жастарға аңыз тәрізді. Октябрь мен Заңғардың бапкерлік білігіне, Жәнібектердің ғажап ойынына мүйізі қарағайдай елдердің өзі таң қалды емес пе!
Жәнібек Сауранбаев деректерімен жасалған видеоға өту