Әлемдік волейболдың көшбасшысы

Октябрь Жарылғапов іргетасын қалап, ұзақ жыл баптаған Алматының «Буревестник» ерлер командасы 1968-1971 жылдары дүние жүзіндегі ең үздік волейбол клубының бірі болды.

​ДӘЛЕЛ: «Буревестник» – 1968 жылы Совет одағы чемпионатының күміс медалисі, 1969 жылғы ССРО чемпионы!

​Қазақ командасы 1970-1971 жылдары Еуропа чемпиондарының кубогын қатарынан 2 рет жеңіп алды! Сол кезеңде әлемдік волейболдың тізгінін Еуропа елдері ұстады (ССРО, ГДР, Чехословакия, Болгария, Румыния...) Совет одағының ұлттық құрамасы 1964, 1968 жылдардағы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, 2 дүркін әлем чемпионы! Чехословакия 1966 жылғы, ГДР 1970 жылғы әлем чемпиондары. Азиядан Жапония ғана 1970 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Жарылғаповтың шәкірттері Еуропа чемпиондарының кубогы үшін бәсекеде Еуропаның ең таңдаулы командаларын екі жыл қатарынан бет қаратпай ұтты. Мысалы, Герман Демократиялық Республикасының «Лейпцигі» мен Чехословакияның «Збойровкасы» негізінен осы елдердің ұлттық құрамасының ойыншыларынан жасақталған еді. «Лейпцигтің» сапында сегіз әлем чемпионы ойнады. Бұл деректер Октябрь Жарылғаповтың әлемдік деңгейдегі волейбол маманы болғанына бұлтартпас дәлел. Октябрьдің бірнеше шәкірті ССРО ұлттық құрамасы сапында Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жеңіс тұғырына көтерілді. Солардың бірі Жәнібек Сауранбаев – әлем чемпионатының қола медалисі, Еуропа чемпионы, Әлем кубогының жеңімпазы. Октябрьдің шәкірті, 1970 жылы Еуропа мен ССРО-ның үздік бапкері атанған Заңғар Жәркешев 1966-1972 жылдары ССРО студенттер құрамасының бас жаттықтырушысы болды. Ал ССРО чемпионы, Еуропа чемпиондары кубогының жеңімпазы Алматының АДК әйелдер командасын күшті клуб ретінде қалыптастырып, қанатын қатайтқан бас бапкер Жұмаш Махмұтов та Октябрьдің шәкірті еді.

Октябрь Қыдырбайұлының командасында жоғарыдағы ағалардан бөлек Марат Мәденов, Еңсебек Иманғалиев, Еркін Ақынов, Амангелді Сұлтанов, Төленді Ахметжанов секілді қазақ жігіттері ойнағанын кейінгі жастар біле жүрсе дейміз.

Октябрь Жарылғапов деректерімен жасалған видео