Күрестен – қылыш жүзді конькиге
1956 жылы 12 ақпан күні Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Қарағайлы ауылында «Қазақтар бокс пен күреске ғана бейім», деген совет өкіметі тұсындағы сыңаржақ, таяз ұғымды теріске шығарып, шорт-тректен әлемдік деңгейде бірнеше спортшы баптаған Мәдіғали Қарсыбеков дүниеге келді.
Мәдіғали Әбдіғалиұлы бала кезінде атақты Қабден Байдосовтың қол астында тер төкті. Бірнеше жыл еркін күреспен шұғылданып, республикалық, қалалық жарыстарда таныла бастаған Мәдіғалидің тағдыры Алматы дене шынықтыру институтына құжат тапсырар кезде күрт өзгерді. Еркін күреске бөлінген 12 орынға 100-дей талапкер үміткер екен. Гүлімжан апайы жақсы танитын Ғабдулмәжит Омарғалиев ағасы, сол тұстағы республикалық «Спартак» қоғамының басшысы бірден: «Күресте талас күшті. Оқуға алдымен спорт шеберлері мен республика чемпиондарын қабылдайды. Саған кезек тиюі қиын. Сондықтан құжатыңды коньки бөліміне тапсырғаның дұрыс болар. Қысқы спортта қазақ жастары жоққа тән. Сол жаққа да керексің. Келіссең, жігіттермен сөйлесейін», – деді. Бар ынтасы физкультура институтына ауып тұрған өрімдей жас «иә» деген. Сөйтіп, құрыш білек балуан бала аяқ астынан шыбын тайып жығылатын көк айдында дүркірей шауып жүрген мұзтабандарға қосылды.
1980 жылы Алланың қалауымен Алматыдағы республикалық Қажымұқан спорт интернатына бапкер болып орналасты.
М.Қарсыбеков 1988-1991 жылдары Совет Одағы кәсіподақтар құрамасының, 1988-1996 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы, 2006 жылдан бері республика құрамасының бас бапкері болып қызмет атқарды.
1988 жылы Совет Одағының жасөспірімдер арасындағы біріншілігінде Қарсыбеков шәкірттері 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медальді еншілеп, Қазақстан шорт-трегінде тосын бетбұрыс жасады.
Абзал Әжғалиев – шорт-тректен Әлем кубогының жеңімпазы (500 метр, 2016 ж.), Азия ойындарының қола жүлдегері (5000 м. эстафета, 2011 ж.), дүниежүзілік қысқы Универсиаданың және Әлем кубогы кезеңінің 2 дүркін күміс медалисі (500 м., 2017, 2018). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Абзал 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақ елінің мемлекеттік туын ұстап шықты. Сочи олимпиадасында бесінші орынға ие болды.
Нұрберген Жұмағазиев – шорт-тректен Әлем кубогының жеңімпазы (1000 м., 2016 ж.), Азия ойындарының қола жүлдегері 280 Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері (5000 м. эстафета, 2011 ж.) дүниежүзілік қысқы Универсиаданың (1500 м., 2017) және Әлем кубогы кезеңінің қола медалисі (1000 м., 2017). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сочи олимпиадасында бесінші орынға ие болды.
Айдар Бекжанов – шорт-тректен Әлем кубогының 2 мәрте қола медалисі (500, 5000 м., 2016 ж.), Азия ойындарының қола жүлдегері (5000 м. эстафета, 2011 ж.) Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Он алты жасында Олимпиада ойындарына қатысып, Сочи олимпиадасында бесінші орынға табан тіреді.
Артур Сұлтанғалиев – шорт-тректен Азия ойындарының қола жүлдегері (5000 м. эстафета, 2011 ж.) Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2015-2017 жылдары Түркия құрамасын баптады. Аслан Дауымов – шорт-тректен Азия кубогының қола жүлдегері (2010 ж.) Қазақстан спартакиадасының жеңімпазы, республиканың 3 дүркін чемпионы. ҚР спорт шебері.