Әмин Тұяқов – қысқа қашықтыққа жарысудан Еуропа кубогының, жеңімпазы (1965 жыл), Еуропа чемпионатының күміс медалисі (1966), Совет одағының 6 дүркін чемпионы, бірнеше мәрте рекордшысы, ССРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері.
Тұяқов 1964 жылы ССРО құрамасы сапында Токио олимпиадасына барды. Сол жылдары құрамында Әмин Тұяқов пен Ғұсман Қосанов жүгірген одақ командасы дүние жүзіндегі ең күшті эстафета құрамасының бірі еді. Соңғы сәтте ССРО құрамасының бас бапкері Леонид Бартенев Тұяқовтың орнына туысқаны Борис Савчукты жарысқа қосты. Соның салдарынан ССРО құрамасы 4х100 эстафеталық сында жүлдесіз қалды. Ал 1965 жылы Киевтегі ССРО-АҚШ матчында құрамында Әмин мен Ғұсман жүгірген совет командасы 1964 жылғы Олимпиада чемпиондары АҚШ эстафеталық құрамасынан озып кетті.
1965 жылдың жазында Киевтегі ірі жарыста Ә. Тұяқов 200 метрде 20,6 секунд нәтижемен ССРО рекордшысы атанса, 100 метрді 10,2 секундта жүгіріп өтіп, ССРО рекордын қайталады.
Осы жылы Алматыдағы ССРО чемпионатында Әмин Тұяқов 200 метрде 20,6 секунд рекордтық нәтижемен алтын жүлдені жеңіп алды. Оның бұл рекорды 1968 жылы ғана өзгерді. 100 метрлік бәсекеде Тұяқовқа күміс жүлде бұйырды.
1960-1968 жылдары 100 метрде әлем рекорды 10.00, 1963 жылы 200 метрде 20,3 секунд болғанын ескерсек, Тұяқовтың әлемдегі ең жүйрік спринтердің бірі болғаны дау туғызбайды. Себебі, Әмин ағаның нәтижесі мен әлемдік рекордтың арасы кірпік қаққандай ғана.
...1990 жылы ағаның үйіне бардық. Үйдің бір қабырғасы кітаптан көрінбейді. Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы... Шығыс, батыс классиктерінің кітаптары тізіліп тұр.
«Ес білгеннен Мақпал әжемнің ертегісін тыңдадым,– дейді Әмин Елемесұлы. – Әдебиетке құмарлығымды оятқан сол кісі. Әжем ел басқарған, ақылды, ер мінезді кісі еді. Маған батырлар жырын жаттатып, өзі құмарта тыңдайтын. Біраз жырды әжемнің аузынан жаттап алдым. Кейінірек әкемнің інісі Едігенің көп септігі тиді. Ал қазақтың қара сөз шеберлерін түгелге жуық оқыдым. Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып, Шәкәрім шығармаларымен енді қауышып жатырмын. Спорт саласында жазушы Сейдахмет Бердіқұлдың орны бөлек...
Атырау педагогика институтының физика-математика факултетін үздік бітірген Әмин Елемесұлы 1993-1999 жылдары Қазақстан жеңіл атлетика құрамасының бас бапкері болды.
Ұлттың намыс туын әлемдік аренада биік ұстаған Әмин Тұяқовты жанкүйерлер «ХХ ғасырдағы ең жүйрік қазақ!» деп мақтан тұтады.
Әмин Тұяқов деректерімен жасалған видеоға өту