1947 жылы 6 ақпан күні Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Ақарал ауылында әлемдік деңгейдегі балуандар мен мықты жаттықтырушылардың өсіп шығуы үшін көп еңбек сіңірген атақты жаттықтырушы, спорт қайраткері - Жұмабек Мейрамғалиев өмірге келді.
1973 жылы Жұмабек Мейрамғалиев самбодан Қазақстан чемпионатын ұтып алды. Содан күрестің жілік майын шағатын бір бапкерге зар болып жүрсе де, жасы отыздан асқанша Қазақстан чемпионаттарында мойны озық үш мықтының қатарынан түскен жоқ. Бапкерсіз арпалысқан жылдары Алла Тағаланың Жұмабектің болашағын қамдау үшін маңдайына жазған тағдыры екен. Көрген, білгенін көкірегіне түйіп, оған қоса қара сиямен ақ қағазға түсірген жазбалары кейін жаттықтырушылық жолға түскенде адастырмас темірқазығына айналды.
Жұмабек ағамыздың жұлдызын жарқыратқан шәкірттері:
Ержан Иманжүсіпов – самбодан дүние жүзі чемпионатының күміс жүлдегері, Әлем кубогының жеңімпазы (52 келі, 1992 ж.) Совет Одағы кубогының күміс, қола медалисі (1987, 1988), жастар арасында әлемнің 2 дүркін чемпионы (1985, 1986). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Әлия Мейрамғалиева – самбодан дүние жүзі чемпионатының күміс жүлдегері (48 келі, 1995), жасөспірімдер және жастар арасында әлем чемпионы (1994), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (1995). Шығыс Азия ойындарының қола медалисі (2001). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Марат Темірболатов – самбо күресінен дүние жүзінің және Совет Одағының жастар арасындағы чемпионы (48 келі, 1987). Ересектер арасында Совет Одағы чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (1988, 1989), одақ кубогының жеңімпазы (1990). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Ержан Әжболатов – самбодан дүние жүзі чемпионатының күміс жүлдегері (68 келі, 1993). Жоғары дәрежелі А.Харлампиев турнирінің күміс медалисі. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Гүлнар Ысқақова – самбодан дүние жүзінің қыздар арасындағы чемпионы (48 келі, 1993). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Ержан Иманжүсіпов : «Жұмабек ұстазым самбоның нағыз майталманы, кішкентай кезімізден әдіс-айланы ерінбей-жалықпай үйретіп, мұқият қадағалап отыратын. Үйреткен әдісін шыңдап, жетілдіруге келгенде бізді де, өзін де аямайтын. Жаттығу, жарыс үдерісі қатаң жоспармен жүрді. Ағаның білгірлігі арқасында біз күрес техникасын сауатты меңгердік. Табан тіреп айқасқан кезде, партерде қарсыластарымызға дес берген жоқпыз. Қазіргі бапкерлер шәкірттерін сол кездегі ағалар тәрізді баптаса, нәтиже әлдеқайда жоғары болар еді. Жұмабек ағамыз Павлодарда өзіндік қолтаңбасы бар бапкерлік мектебінің негізін салды...»