ЕЛ ҮМІТІ. Ер кезегі – үшке дейін!

ЕЛ ҮМІТІ

Ер кезегі – үшке дейін!

Қазақ елінің ең атақты дзюдошысы Елдос Сметов үшінші Олимпиадасында бағын сынамақ. Ол осыған дейін 2016 жылы Рио олимпиадасында күміс, 2021 жылы Токио олимпиадасында қола медальді еншілеген еді. олимпиаданың алтын медалін алуды мақсат еткен Елдос үшін бұл олимпиада қиын болмақ. Елдос соңғы жылдары әлемдік турнирлерде тұрақтылығымен, жоғары нәтижесімен ерекшелене алған жоқ. Оған бір жағы жарақаттары кедергі жасады. Дегенмен, соңғы уақытта бабына келіп, Олимпиадаға қажетті ұпайларды жинап алды. Ал ішкі іріктеуде Мағжан Шамшадин мен Нұрқанат Серікбаевтан басым түсіп, олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алды.
Елдостың Париж олимпиадасындағы басты қарсыластарына тоқтала кетсек: жапон жампозы - Риужю Нагаяама. Тайпей оғыланы - Янг Юн Вэй, 2023 жылғы әлем чемпионы, испаниялық Франсиско Гарригос, 2024 жылғы әлем чемпионы, грузин балуаны Гиорги Сардалашвили. Бұлардан бөлек франциялық Лука Мхеидзе, оңтүстіккореялық жас талант Ли Харим және өзбекстандық Дилшодбек Баратов, т.б. Аталған дзюдошылармен Елдостың жолы татамиде талай түйіскен. Елдостың басқалардан артықшылығы Олимпиадаға екі рет қатысып, екі рет жүлдеге қол жеткізгені. Олимпиаданың медалін қалай алатынын бәрінен жақсы біледі. Ал қатарынан үш Олимпиадаға қатысу жігіттің жігітінің ғана қолынан келеді. Бақ шаба ма, әлде бап шаба ма, Париж төрінде бауырымыздың жеңіс биігінен көрінуіне тілектеспіз.