Париж олимпиадасына қатысатын қазақстандық боксшылардың арасында алтыннан үміттілердің бірі - Сәкен Бибосынов. Сәкен құрамадағы титулды, әрі тәжірибелі боксшы. Екінші рет олимпиадада бақ сынамақ. С. Бибосынов Токио олимпиадасында қола медалисі, 51келіде әлем чемпионы, 2019жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері (2021қола, 2022 күміс).
Сәкен 2015жылдан бастап осы уақытқа дейін олимпиада ойындары, әлем және Азия чемпионаттары, халықаралық жарыстар мен ішкі чемпионаттарда барлығы 92 жекпе-жек өткізіп, 71 рет жеңіп, 21 рет жеңіліске ұшыраған. 2021 жыл Белградта әлем чемпионы атанғаннан бері 4 рет жеңілген. Қазір әлемдік рейтингте 1-орында тұр. Олимпиадада алтынға үміткер жігіттердің бірі.
Сәкеннің олимпиададағы қарсыластары: Хасанбой Дусматов (Өзбекстан), Риско Хилл (АҚШ), Александро Кларо (Куба), Биллал Беннама (Франция), Амит Пангал (Үндістан).
Сәкен мен Хасанбой Дусматов 3 рет жұдырықтасқан. Екеуінде өзбек боксшысы басым болған. Француз боксшысы Биллал Беннамамен 4 рет жолыққан. Есеп 2-2. Сәкен Риско Хилл мен Александро Клароны бір-бір реттен жеңді. Ал үнді боксшысы Амит Пангалдан бір рет жеңілген. Қорыта айтқанда, оңай қарсылас жоқ. Олимпиада шыңын бағындыру үшін бағы мен бабы тең болуы керек.