Париж олимпиадасында семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы командалық сайыста бақ сынайды. Бұл - еліміз үшін тарихи сәт. Себебі, бұған дейін Қазақстан құрамасы семсерлесуден командалық сайыста Олимпиадаға қатыспаған еді.
Біздің жігіттер Әлем кубогы кезеңдерінде, құрлықтық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. 2023 жылы Қытайда өткен Азия ойындарында команда күміс жүлдені олжалады. Құрамында Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай және Елмир Әлімжанов семсерлескен Қазақстан құрамасы финалда Жапония құрамасынан 35:36 есебімен жеңіліс тапты. Ал биылғы Азия чемпионатының финалында біздің жігіттер Жапониядан 45:42 есебімен есе қайтарып, құрылық чемпионы атанды. Финалға дейін қазақ құрамасы Оңтүстік Корея мен Қытай спортшыларынан басым түсті.
Париж олимпиадасына семсерлесуден 8 елдің командасы қатысады. Басты қарсыластарымыз: 2019, 2021 жылдардағы әлем чемпиондары Франция құрамасы, 2023 жылғы әлем чемпионы Италия, 2013 жылғы әлем чемпионы Венгрия, 2023 жылғы әлем чемпионатының қола медалисі Венесуэла, Азия ойындарының жеңімпазы Жапония және Египет пен Чехия. Біздің құраманың медаль алуға мүмкіндігі бар.
Қазақстан құрамасы (Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай және Елмир Әлімжанов) Париж төрінде сәтті айқасып, жанкүйерлерін шаттыққа бөлесе деген тілегіміз бар.