Ел үміті - Нұрбек Оралбай

Париж олимпиадасында 80 келіде өнер көрсететін боксшы Нұрбек Оралбай - 2023 жылғы әлем чемпионы, 2022 жылғы Азия чемпионатының қола медалисі. Ол Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысады. Нұрбек 2017-2024 жылдар аралығында әлем және Азия чемпионаттарында, халықаралық турнирлер мен Қазақстанның ішкі жарыстарында барлығы 71 мәрте айқасқа түсіп, 57 рет жеңіп, 14 рет жеңіліске ұшырады. Нұрбектің Олимпиададағы мықты қарсыластары: әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Тоқтарбек Таңатқан (Қытай), 2 дүркін Олимпиада чемпионы Арлен Лопес (Куба), Токио олимпиадасының күміс жүлдегері Олександр Хижняк (Украина), Азия чемпионы Хуссейн Ишайш (Иордания), әлем чемпионатының күміс жүлдегері Вандерлей Перейра (Бразилия), әлем чемпионатының қола жүлдегерлері Салватор Кавалларо (Италия), Вирапон Жонжохо (Тайланд) және Азия ойындарында үшінші орынға табан тіреген Турабек Хабибуллаев (Өзбекстан) т.б. Нұрбек аталған боксшылардан Тоқтарбекті 2 мәрте жеңсе, 1 рет Тоқтарбек басым түсті. О. Хижнякпен 1 рет жұдырықтасып, сәтсіздікке ұшырады. Х. Ишайш пен Нұрбек шаршы алаңда екі рет қолғап түйістірді. Есеп – 1:1. Басқаларымен әлі жолықпады.