Грек рим күресінен Париж олимпиадасында Демеу Жадыраевқа үміт артамыз. Д. Жадыраев Парижде 77 келіде бақ сынайды. Ол құрамадағы ең тәжірибелі балуан. 34 жаста. Демеу әлем чемпионатында 1 күміс (2017), Азия чемпионаттарында 1 күміс, 3 қола медаль олжалаған. Демеу олимпиадаға екінші рет қатыспақ. Токиода өнер көрсетіп, жүлдеге қол жеткізе алмады. Талай жылғы еңбегі ақталып, олимпиада тұғырынан көрінсе деген тілегіміз бар.
Демеудің олимпиададағы қарсыластары осал емес. Салмағында соңғы екі әлем чемпионатында ешкімге дес бермеген қырғыз балуаны Ахжол Махмұдов бар. Онымен 1 рет күресіп, жеңілген. Сондай-ақ, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Әзербайжан балуаны Санан Сулеймановты ерекше айтуға болады. Демеу Сананмен 2 рет күресіп, екі рет жеңіліске ұшыраған. Олардан бөлек, Азия чемпионы Амин Кавиани Нежад (Иран), Буркан Акбудак (Түркия), Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Нао Кусака (Жапония),2 дүркін Еуропа чемпионы, әлем чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Малхас Амоян (Армения), әлем чемпионатының күміс жүлдегері Золтан Левай (Венгрия), т.б мықтылар. Осылардан ирандық Амин Кавианимен бір рет күресті, қалғандарымен белдескен жоқ.