Париж олимпиадасындағы ең басты үмітіміздің бірі - дзюдошы Әбиба Әбужақынова. Қаршадай ғана қыз еліміздің дзюдо құрамасын талай рет тығырықтан алып шықты. Қазір құраманың көшбасшысы. 48 келідегі дзюдошы әлем чемпионаттарында - 2 қола, әлемдік Grand Slam турнирлерінде - 7 медаль (1 күміс, 6 қола), Grand Prix-де - 2 медаль (1 алтын, 1 қола), Азия ойындарында - 1 күміс, Азия чемпионатында - 1 күміс медаль олжалады. Қазір әлемдік рейтингте 3-орында тұр. Сарапшылар Әбибаны Олимпиада медалінен үміткерлердің қатарына қосып отыр.
Ә. Әбужақынованың статистикасына қарасақ, 2021 жылы 6 жарысқа қатысып, 3 медаль алған; 2022 жылы 11 жарыстан - 4 медаль; 2023 жылы 9 жарыстан - 4 медаль. 2024 жылы 5 ай ішінде 7 жарысқа қатысып, 6 медаль олжалады.
Оның Париж олимпиадасындағы басты қарсыластары: жапон балуаны, 3 дүркін әлем чемпионы Нацуми Цунода, әлем чемпионы, монғол қызы Баасанхүү Бавуудорж, Ассунто Скутто (Италия), Ширин Боукли (Франция), 18 жастағы Тара Бабульфат (Швеция), Лаура Мартинез (Испания), Сабина Глязова (AIN/Ресей), т.б.
Аталған дзюдошылармен Әбибаның жолы татамиде талай рет түйісті. Әзірге тек Нацумиге шамасы жетпей жүр. Онымен 3 рет күресіп, үшеуінде де жеңілген. Ал, Баасанхүүмен 3 рет күресіп, соңғы 2 белдесуде жеңілді. Әбиба Ш. Боукли, А. Скутто, Т. Бабульфат және Л. Мартинезді бір реттен жеңді. Ресейлік С. Глязовамен 3 рет күресіп, 2 рет жеңілді. Қысқасы, қарсыластарының осалы жоқ.
Ең бастысы, Олимпиада ойындарына бабында барып, бағы жансын деп тілейік. Сенім артқан жігіттеріміздің өзі тар жерде сүрініп жатқанда қыз басымен ерлер мен әйелдер құрамасындағы ең атақты балуанның бірі Әбибаның қазақ қыздарынан бірінші болып Олимпиада тұғырына шығуына тілектеспіз.