Париж олимпиадасына қатысатын боксшыларымыздың ең тәжірибелісі Қамшыбек Қоңқабаев. 92 келіден жоғары салмақтағы боксшымыз Токио олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізді. Әлем чемпионаттарында 2 рет күміс медальға ие болды. Азия ойындарында 1, Азия чемпионаттарында 4 рет күміс жүлде олжалады. Олимпиадаға екінші рет қатыспақ. Қазір әлемдік рейтингте 3-орында тұр. Талай жылғы еңбегі ақталып, Олимпиада шыңын бағындырса деп тілейміз. Қамшыбектің спорттық статистикасына тоқталсақ: 2010 жылдан бастап осы уақытқа дейін Олимпиада, әлем және Азия чемпионаттары, халықаралық жарыстар мен ішкі чемпионаттарда барлығы 101 жекпе-жек өткізіп, 75 рет жеңіп, 26 рет жеңілген. Қамшыбектің Олимпиада ойындарындағы мықты қарсыластары: Олимпиада чемпионы, 2 дүркін әлем чемпионы Баходир Жалолов (Өзбекстан) Панамерика ойындарының жеңімпазы Жошуа Едуардс (АҚШ), Еуропа ойындарының чемпионы ДелиоусОрие (Ұлыбритания), Олимпиаданың қола жүлдегері Абнер Терейра (Бразилия), Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Айуб Гадфа (Испания), әлем чемпионатының күміс жүлдегері Девид Чалойян (Армения), Махаммад Абдуллаев (Әзербайжан) Қамшыбек бұл боксшылардан Б. Жалолопен және А. Гадфамен ғана бокстасты. Баходирмен 9 рет жұдырықтасып, 6 рет жеңілді. Соңғы уақытта Баходир Қамшыбекке алынбас қамал болды. Қамшыбек Гадфаны 1 рет жеңген. Қалған боксшылармен әлі жұдырық түйістірген жоқ.