Грек рим күресінен ең жеңіл салмақта, яғни, 60 келіде Айдос Сұлтанғали Париж олимпиадасында бақ сынайды. А. Сұлтанғали олимпиадаға баратын қазақстандық классиктер арасындағы ең тәжірибелі, әрі титулды балуан. Ол әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (2018ж, 2022ж), 2021 жылғы Азия чемпионы. Қазір әлемдік рейтингте 66-орында тұр. Рейтингтегі орны төмен болса да олимпиада медалінен үміттілердің бірі.
Айдостың олимпиададағы қарсыластарына тоқталсақ: кейінгі жылдары бұл салмақта қырғызстандық Жоламан Шаршенбеков үстемдік құруда. Ол әлем чемпионатында 2, Азия чемпионатында 3 мәрте жеңімпаз атанды. Қазіргі уақытта Жоламанның қарқынына ешкім төтеп бере алар емес. Жоламан мен Айдос 2 мәрте жолығып, екеуінде де қырғыз балуаны жеңген.
Жоламаннан басқа күшті балуандарды атасақ, азиялықтар - Кеничиро Фумита (Жапония), Мехди Нежад (Иран), Исломжон Бахромов (Өзбекстан), Сао Лигу (Қытай), Ри Се-Унг (КХДР). Еуропадан – Мурад Маммадов (Әзербайжан), Виктор Чобану (Молдова), Садик Лалелов (AIN) т.б. Мехди Нежад пен Мурад Маммадовты Айдос бір реттен жеңген. Маммадов, Ри Се-Унг және Сао Лигу Айдосты бір-бір мәрте жеңсе, Мехди Нежад екі мәрте айласын асырған. Фумита, Чобану сияқты мықтылармен Айдос әзірге күрескен жоқ.