Бүгін, 21 маусымда Нұр-Сұлтан қ. «Сарыарқа» велотрегі ғимаратында бокс бапкерлеріне арналған біліктілікті көтеру курсы басталды. Іс-шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы (РОӘТО) ұйымдастырды.
Жиынды РОӘТО директоры Қыдырбек Рысбек ашты. Директор бокстың қазақ халқы үшін маңызын айта отырып, жаттықтырушылар үшін жан-жақты ізденістің қажеттілігіне тоқталды. Оған қоса, Қазақстан боксының негізін салушы, «Совет Одағының спорт шебері» атағына ие болған бірінші қазақ спортшысы Шоқыр Бөлтекұлының еңбегін мысалға келтіре отырып, кадр дайындауға ерекше көңіл бөлу қажеттілігін алға тартты. Одан кейін сөз кезегі бокстан әлем чемпионы, мемлекеттік жаттықтырушы Мерей Ақшаловқа берілді.
Алғашқы дәрісті РОӘТО РМҚК директорының орынбасары Жұмажан Имаяқов оқыды. Ол спорттағы ғылымның пайдасы мен ролі және спортшылардың жеңіске жету жолы туралы көпшілікке қажетті де, пайдалы ақпараттар ұсынды.
Семинардың екінші жартысында РОӘТО Біліктілікті арттыруды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Абай Ахметов «Тамақтану, ұйқы және су ішу – дұрыс қалыпқа келу негізі» тақырыбында дәріс берді.
Естеріңізге сала кетейік, 22-23 маусым күндері атақты жаттықтырушылар Мырзағали Айтжанов және Нұрлан Ақүрпеков бокс теориясы мен практикасынан тәжірибе бөліседі.