Бокс бапкерлеріне арналған біліктілікті арттыру курсының төртінші күні

Бокс бапкерлеріне арналған біліктілікті арттыру курсының төртінші күні Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов және «Қ.Мұңайтпасұлы атындағы ОРРММИК» РММ-ның спорттық дәрігері Бауыржан Құсайынов дәріс оқыды. Қайрат Тұрсынханұлы өз сөзін ұлттық құраманың жаттығулары қалай өткізіледі, шәкірттері қандай тәртіп пен ережелерге бағынатындығы туралы бастады. «Спортшыларды рухтандыру, патриоттық сезімге тәрбиелеу, жігерлендіру, алдына мақсат қойып, соған жете білуге үйрету бапкерлердің басты міндеті», дейді ұлттық құрама жаттықтырушысы. Сонымен қатар, Қайрат Сәтжанов өз тәжірибесіне сүйене отырып, қатысушылармен түрлі жарыстардағы ұтымды жұдырықтасу әдістері, қарсыластарының осал тұсын анықтай отырып, жеңіске жету құпияларымен бөлісті. Бауыржан Құсайынов «Тиімді тамақтанудың негіздері. Дайындықтың түрлі кезеңдеріндегі спортшылардың тамақтануы» тақырыбында дәріс оқыды. Дәрігер спортшылардың жас ерекшеліктері мен тұрғылықты жерлерінің климатына сәйкес дәрумендер мен микроэлементтерді дұрыс пайдалану жөнінде пайдалы ақпарат берді. Қоректік заттардың адам баласы үшін маңызы, олардың ағзаға қажетті мөлшері және құнары мол тағамдарды орынды тұтыну туралы ғылыми дәлелді лекция оқылғанын айта кету керек.
Қатысушылар белсенді түрде көкейдегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.