Бокс бапкерлеріне арналған біліктілікті арттыру курсының бүгінгі дәріскерлері – РОӘТО заңгері Айгүл Бәкірова және бокстан спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков. Айгүл Бәкірова «Жаттықтырушының құқықтық мәртебесі» тақырыбында қатысушыларға пайдалы ақпарат берді. Нұрлан Ақүрпековтің дәрісі басталмас бұрын қатысушылардың назарына бапкердің еңбегі мен шәкірттерінің жеңістері туралы шағын видеоматериал ұсынылды. Нұрлан Ақүрпеков үшін бүгінгі жиын ерекше болды. Себебі, бұл оның 30 жылдық тәжірибесіндегі алғашқы семинары екен. Өз сөзін ол боксқа келу жолынан бастады. Шаршы алаңда кәсіби жұдырықтасуды 17 жасынан бастағандықтан өзі жетпеген шыңға шәкіртін көтеруді басты мақсат етіпті. Ал 11 жасында алдына келген Бақтияр Артаевтың Олимпиада чемпионы атануы үшін қандай еңбек пен күш жұмсағандығының өзі бір үлкен тарих. «Әр спортшының басты ұстанымы – тәрбие мен еңбек», дейді Нұрлан Ақүрпеков. Тәртіп барда нәтиже де болмақ. Сонымен қатар бапкер мен шәкірт арасындағы қарым-қатынас, түсіністік, сыйластықтың маңызы, бапкердің шәкірті үшін қиыншылықтар мен ауыртпашылықтарға төзе білу қажеттілігі айтылды. Жер-жерден жиналған мамандар Нұрлан Сәкенұлының дәрісіне ризашылықтарын білдірді.