Вадим Псарев - ФИЛА-ның Алтын орденінің иегері, өзінің бапкерлік мектебін қалыптастырған ХХ ғасырдағы әлемдік деңгейдегі ең айтулы мамандардың бірі. Есімі Халықаралық күрес ассоциациясының «Даңқ залына» енді.
Вадим Александрович өз туын шырқау биікке қадаған, білім-білігімен күрес әлеміне кеңінен танымал тұлға. Егер кезінде Псаревтің әлемдік және отандық күрестен түйген ой-пікірлері мен мол тәжірибесін жинақтаса, дайын әдістемелік оқу құралын жазып шығуға болар еді.
Грек-рим күресінен Қазақстанның 3 дүркін чемпионы Псарев балуандықты доғарған соң бапкерлік қызметті таңдап, Совет одағының әр қиырындағы оқу-жаттығу жиындарына барып тұрды. Әсіресе, Мәскеу мен Ленинградтағы (Санкт-Петербург) жиындардан қалмауға тырысатын. Себебі, бұл екі қаладағы жаттығу жиындары қызықты әрі мазмұнды өтеді. Совет одағының түкпір-түкпірінен жиналған мамандардың кілемдегі жұмысын айтпағанда, дастархан басындағы күрес туралы әңгімелерінің өзі Вадим Псаревті бей-жай қалдырмайтын. Псарев осындай мықты ортада ерінбей тер төкті, білікті мамандардың тәжірибелерін көкейге тоқыды. Псаревтің есте сақтау қабілеті өте күшті болды. Бар көрген-білгенін санаға тоқи жүріп, уақыт озған сайын өзі де жетіле түсті. Тынымсыз ізденді, жаттығу процесін тек жүйелі жоспармен ғана атқарды.
Қадірлі оқырман, енді оның ең атақты шәкірті Валерий Резанцевті жеңіс биігіне бастаған ерен еңбегі, ерен ерлігі туралы баяндайық.
Псарев Валераны Алматының көшесінде, құрылыста жүрген жерінен кездестірді. 18-дегі аяқ-қолы балғадай бозбала қара күшке бай, бірақ күрестен хабары жоқ еді.
Вадим Александрұлы бір жылдан кейін 19-дағы Валераның алдына бес жылдық жоспарды көлденең тартып: «Осы жоспарды мүлтіксіз орындасаң, бес жылдан кейін Совет одағының чемпионы боласың» дейді. Резанцев уәдесін береді.
Псарев алдына келген баланың табиғи бейімін, күшін, мінезін тап басатын сұңғыла еді. Қарамағындағы көп баланың ішінен Валераға арнайы жоспар түзуі жаттықтырушының көрегендігіне дәлел.
Псарев Резанцев үшін «бычок» (сүзу) әдісін ойлап тапты. Қарсыластың қолтығының астынан немесе бүйірінен иықпен немесе кеудемен сүзе, опыра қағу. Валера қара күшке бай, табанында нық тұратын, жуан мойын балуан еді. Оның салмағындағы жігіттер де кілең атан жілік, шетінен арыстандай ірі болды. Соған орай, мұндай жойқын балуандарды сұрапыл күшпен, тау қопарар алапат жылдамдықпен ғана жығуға болатынын Псарев қапысыз түсінді. Әбден иі қанған бұл әдіс Псарев пен Резанцевтің қолындағы алмас қылыштай болды.
Вадим Александрұлы шәкірттерін құрғақ күштің ғана емес, ойлы, жүйелі күрестің балуаны болуға тәрбиеледі. Шәкірттеріне күнделік жазуды үйретті. Әр балаға ізден, белгілі әдісті жетілдіре түс, бір әдісті шыңдай түсу үшін не істеу керек, қорғаныс пен қарсы шабуылда ілкімді бол... деп тапсырма берді. Мұндай ортада бала ойға жегіледі, өзара ақылдасады, оқиды, күнделік жазады.Іздене жүріп жетіле түседі.
Псарев мұнымен де шектелген жоқ. Шәкірттеріне өздерінің басты қарсыластары туралы жазуды тапсырды. Бір жолы Валерий Резанцев ССРО-дағы күшті қарсыластарымен әңгімелесіп отырғанда жігіттердің бірі: «Валера, сен бізді өзімізден артық білетін сияқтысың?» дейді. Сонда Резанцев күліп: «Мен Псаревтің тапсырмасымен сендер туралы шығарма жаздым» деп жауап берген екен.
Ал қазіргі шәкірттер қарсыласы туралы шығарма жазбақ түгілі, спорттық күнделік жазбайды. Себебі, оны талап ететін бапкер жоқтың қасы.
Резанцевтың естелігіне сүйенсек, Вадим Псарев шәкірттеріне белдесу кезінде ұрыспайды екен. Ақыл-кеңесін дәл әрі уақытында айтатын болған. Белдесу біткен соң сен жеңсең де, жеңілсең де қателігіңді дәлелдеп береді. Себебі, үндемесе, сол қателіктің салдарынан келесі жолы басқа спортшыдан ұтылуың мүмкін. Псарев жаттығу жүйесін ғылыми түрде жоспарлады, негізгі шәкірттерін үнемі қадағалап, үнемі шыңдап отырды.
Резанцев ұстазының қасиеттерін, өнегесін, тәжірибесін көкейіне тоқып алды. Ұстазын сыйлай жүріп, ол кісіден үйрене жүріп өзі де өсті. Бапкер мен шәкірт егіз қозыдай бірге өсті, бірге есейді, жеңіске де бірге жетті. Резанцевтің ұстазы жайлы ықыласпен әңгіме айтуы, ол кісіні сондай бір шынайы көңілмен еске алуы бапкер мен спортшы арасындағы сыйластықтың берік болғанын білдіреді. Екеуі де бірінің қадірін бірі білді. Бірін-бірі сақтай білді. Қасындағы кісілер: «Екеуіңде де мінез жетеді, қалай бірге жүрсіңдер», деп бастарын шайқаса, Резанцев «Біздің сыйластығымыз – нағыз жігіттердің достығы», деп жауап беріпті.
Ұстазы түзген 5 жылдық жоспарды қапысыз орындаған Валерий Резанцев 1970 жылдың қаңтарынан 1976 жылдың соңына дейін бірде-бір ресми жарыста жеңілмей – 2 дүркін Олимпиада жеңімпазы, 5 мәрте әлем чемпионы, 6 рет ССРО чемпионы атанып, Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Ал Вадим Псарев Резанцевтен басқа Олимпиада және әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиаданың күміс жүлдегері, үш мәрте әлем чемпионы Анатолий Назаренко, Олимпиаданың күміс жүлдегері, әлем чемпионы Владимир Бакулин, Еуропа чемпионы, Әлем кубогының бірнеше дүркін жеңімпазы Бисольт Дециев, тағы басқа да күшті балуандардың ұстазы ретінде Қазақстан спортының тарихында қалды.
Псаревтің шәкірттері 1966-1981 жылдардағы ССРО чемпионаттары мен спартакиадаларда 20 алтын, Еуропа чемпионаттарында 6 алтын, әлем чемпионаттарында 10 алтын медальға ие болса, Олимпиада ойындарында 3 алтын, 2 күміс жүлдені олжалады. Осы жылдары В. Псарев баптаған ССРО құрамасы әлемдегі ең күшті ұжым болды. Ал Қазақстанның спорттық тарихында грек-рим және еркін күрестен мұндай белеске Псаревтан бұрын және кейін ешқандай жаттықтырушы жеткен емес.
Мұндай асқаралы белестің Вадим Псаревке бұйыруы тегін емес. Ол өте сауатты, білімді адам еді. Қажет кезде үлкен аудиторияда сағаттап лекция оқитын ғалым-бапкер болатын. Оның орта тау деңгейінде балуан баптау туралы ғылыми еңбегі бар.
Қадірлі бауырлар! Қадірлі қазақ баласы! Бапкерліктің асқар шыңына шығам десең, Вадим Псарев тәрізді ғылым қу, білім жина. Жаттығуыңды тек жоспармен атқар. Төзімді, намысқой бол. Күрес залына ерте келіп, жұрттың соңынан бір-ақ қайт. Шәкірттеріңді ойлы, сапалы күреске баулы. Сонда ғана ісің алға басады.
ҚР Туризм және спорт министрлігі
Республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы
Қыдырбек Рысбек