БІЛІКТІ БАПКЕР. ТӘЖІРИБЕ МЕКТЕБІ БАУЫРЖАН ЖАНАЛИН

ҚР Туризм және спорт министрлігі

Республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының жобасы

Бауыржан Секербекұлы - қолынан қаламы, жанынан блокноты табылатын нағыз ғалым бапкер еді. Мұндай адамдар жаттығу процесін жадағай, жүйесіз өткізетін жаттықтырушылардың арасында торығып, жалғызсырап жүреді. Мұндай адамдар мыңдаған баланың спорттағы іргетасы қисық қаланып жатқанына жаны күйзеліп, осы берекесіздіктен, осы тығырықтан жазықсыз шәкірттерді қалай құтқарсам деген ізгі мақсат, сары уайым үстінде жүреді. Бауыржан Жаналин Астанадағы Қажымұқан спорт интернатының дзюдо бөлімінің меңгерушісі кезінде күрес залының бір қабырғасында жаттығу жоспары ұзыннан-ұзақ болып ілініп тұрды. Бапкерліктен хабары бар адам кез-келген уақытта жаттығуды әрі қарай жалғастыра береді.

...1986 жылдың жазы. Бауыржан Жаналин дзюдо күресінен Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы. Ұлттық команда Совет одағы халықтарының спартакиадасына әзірленіп жатты. Қазақ құрамасының негізгі балуандары кавказ жігіттері.

Бас жаттықтырушы 71 келі салмақтағы ССРО чемпионы Жабрайыл Кадзоевтың орнына 19 жастағы Қайрат Мысықбаевты спартакиада кілеміне шығаруға бекінді. Спорттық принцип бойынша Бауыржан Жаналиннің бұнысы ақылға қонымсыз тәрізді. Кадзоев одақтағы ең күшті балуандардың бірі. Ал Мысықбаев ересектер бәсекесінде әлі таныла қойған жоқ. 1986 жылдың мамыр айының соңында Ленинградтағы ірі халықаралық жастар жарысының қола жүлдегері. Ересектер дуына білек сыбанып түсе қойған жоқ. Соған қарамастан осы Подольскідегі іріктеу сынында ол Жабрайыл Кадзоевты бет қаратпай жығып тастады.

Жаттығу жиыны бітуге бір апта қалғанда бас бапкер шәкіртін ертіп стадионға шықты. Екеуі жүгіріп келеді. «Қайрат, 71 келіде спартакиада кілеміне сен шығасың!» Мұндайды күтпеген Мысықбаев: «Кадзоев бар емес пе?» деді таңырқап. «Сөзді қой. Қазақстанның атынан бір қазақ кілемге шығуға тиіс!» Қайраттың жүзі алабұртып кетті. Жанары ұшқын атып, ұстазына мейірлене қараған. «Сізді ұятқа қалдырмаймын, аға!» Бас бапкердің тұла бойы шымырлап қоя берді. Бұл - совет империясының әбден дәуірлеген кезі еді. Бұл тұста Бауыржан тәрізді ұлттық намысқа басу жігіттің жігітінің ғана қолынан келетін еді.

Кешке екеуі стадионның ішкі жолағын бойлай тағы жүгірді. «Кадзоев әбден ысылған. Менен гөрі мықтылау», деді Қайрат әлі де көңілде күдік барын аңғартып. Иә, Кадзоев одақ чемпиондығына қоса Еуропаның жастар біріншілігін ұтқан балуан. Бірақ Бауыржан ағасы белден басып жіберді: «Бабаларың қарсы жақтың батыры менен күшті деп еш қаймықпаған. Бір қазақты спартакиада кілеміне шығара алмасам, несіне бас жаттықтырушымын. Тәуекел, бауырым! Алла жар болсын!»

Келесі күні таңертең Бауыржан Жаналин бапкерлер мен балуандардың алдында спартакиадаға қатысатын жігіттерді атады. Кадзоев 78 келіге жылжып, 71 келіде Мысықбаевтың күресетінін естіген шешен, ингуш жігіттері дүрлігіп ала жөнелді. Алдымен Еуропа чемпионы Әли Хамхоев наразылық білдірді. Оны бапкер Яхия Мерешков қостап, бүкіл құрама балуандары Жаналинге қарсы өре түрегелді. Бауыржан да қасқиып тұрып алды. Кавказ жігіттері бірауыздан: «Кадзоев 71 келіде күреспесе, біз кілемге шықпаймыз», деп ашық майданға шықты. «Онда сендердің орындарыңа екінші нөмірлі балуандар күреседі. Осыған тоқтасаңдар, қазір Алматыға қайта беріңдер!» деді Жаналин барынша сабыр сақтап.

Ертеңіне республикалық спорт комитеті төрағасының орынбасары Виктор Ромкодан «Кадзоев 71 келіде күрессін!» деген зілді телеграмма жетті. Бауыржан Жаналин: «Шешім бұзылатын болса, бас бапкерліктен өз еркіммен босаймын!» деп қарымта телеграмма ұрды. Іле-шала Алматыдағы әскери спорт клубынан Кадзоевты жақтаған тағы бір жедел- хат келді. Тағы да сол кесімді жауап.

«Отағасының тапсырмасымен Виктор Ромкоға бардым, - дейді Бауыржан ағаның зайыбы Людмила Владимирқызы. - Ромко қатты ашуланып отыр екен. Оның «Күйеуіңіз нағыз жаужүрек екен!» - деген сөзі есімде қалыпты.

Сөйтіп, Қайрат Мысықбаев 1986 жылы Совет одағы халықтарының спартакиадасында татамиге шықты. Шүу дегенде Еуропа чемпионы, грузиялық Анианиді бір минутқа жеткізбей таза жыққан Мысықбаев екінші кезекте Еуропаның жастар чемпионатының жеңімпазы Месебелашвилидің аяғын аспаннан келтірді. Үшінші қарсыласын да ес жиғызбай еркін ұтқан Қайрат Мысықбаев төртінші жекпе-жекті ғана ұпай басымдығымен өз пайдасына шешті. Финалдық айқаста тәжік Мұтабалиевті сан соқтырған Қайрат Мысықбаев қазақ балуандарынан бірінші болып Совет одағы халықтары спартакиадасы- ның жеңімпазы атанды. Ал Қайратты спартакиада кілеміне жібермейміз деп, жұдырықтай жұмыла қалған кавказ балуандарының ешқайсысы жүлдеге іліккен жоқ.

Бұл - Бауыржан Жаналиннің тарихи ерлігі, тар кезеңде ұлты үшін басын бәйгеге тіккен азаматтың ісі! Бауыржан Жаналин тізгін ұстаған 1986-1990 жылдары Қазақстан дзюдо құрамасы Совет одағындағы азулы команданың бірі болды. Қайрат Мысықбаев ұстаз сенімін ақтап, 1987 жылы одақ кубогын ұтып алумен қатар, 1989, 1990 жылдары Совет одағы чемпионатының екі бірдей қола медалін жеңіп алды. Бостан Жаңбырбаев, Сергей Әшіров, Әли Хамхоевтар одақ чемпионаттарында олжа салып, совет құрамасына енді. Осындай тамаша жетістіктердің арқасында Қазақстан чемпионаттарында алтыншы орынға ие болған балуандарға «Совет одағының спорт шебері» атағы берілетін еді. Осы жерде Бауыржан Жаналиннің шәкірті Серік Әдіғанов тәуелсіздік жылдарында дзюдо күресінен Азия ойындары мен чемпионатының қола медаліне ие болғанын айта кеткенді жөн көрдік.

Енді Бауыржан Жаналиннің екінші тарихи ерлігіне тоқталайық. Совет одағы құласымен Бауыржан Секербекұлы Бүкілдүниежүзілік самбо федерациясының бірінші вице-президенті болды. 1992 жылы Алматыда самбодан Әлем кубогы бәсекесі өтті. Қазақ жерінде тұңғыш рет ұйымдастырылған бәсекеде бас бапкер Керей Қойшыбек баптаған біздің құрама командалық бас жүлдеге иелік етті. Сол жолы бауырларының жеңісіне арқа-жарқа боп шаттанған жанкүйерлерде есеп жоқ еді.

Азия самбо федерациясын басқарған Бауыржан Жаналиннің тікелей ұйытқы болуымен 1994 жылы Алматыда самбодан Азия чемпионаты дүркіреп өтті. Қазақ самбошылары бұл сайыста да командалық бас бәйгені қанжығаға байлап, тәуелсіздік дәмін енді сезіне бастаған алаш жұртын бір серпілтіп тастады.

Бауыржан Жаналиннің үшінші тарихи ерлігі - ұлттық күрестің атақты маманы Серік Төкеевпен тізе қосып, қазақ күресінің жаңа ережесін жазып шығуы және ұлттық жекпе-жегімізді әлемдік аренаға шығару үшін жан аямай арпалысуы еді. Жаналин қазақ күресінің тарихын түгендеу үшін Иран, Қытай, Орталық Азия елдеріне сапар шегіп, біраз дерек жинады. Көзі тірісінде: «Шіркін, қазақ күресінен алғашқы Азия чемпионатын көзіммен көрсем», деп армандаушы еді. Есіл ер бұл арманына жете алмай, 2004 жылы жазда 56 жасында кенеттен көз жұмды. «Бауыржан дүние қуған жоқ, - дейді Людмила жеңгей. - Бар тапқанын шәкірттерінің аузына тосты. Кей шәкірттері үйде жататын. Соларды көлігімен жаттығуға апаратын. Ал отағасының әке-шешесіне деген пейілін айтып жеткізу қиын. Мен де ата-енемнің, Бауыржанның шәкірттерінің қызметінде болдым. Қазір оның достары, шәкірттері бізді ұмытпай, дастархандарына шақырып тұрады...»

Жақсы ұстаздың, жақсы азаматтың артында із қалды, деген осы шығар.