БІЛІКТІ БАПКЕР. ТӘЖІРИБЕ МЕКТЕБІ-5

 

Таңат Сағындық

Таңат бапкер Қазақ еліндегі олимпиялық спорт түрлері бойынша дүние жүзінің чемпионын баптаған санаулы жаттықтырушының бірі. Оның кішкентайынан бауырына басып, ұзақ жыл қасынан ұзамай жаттықтырған төл шәкірті Бақтияр Байсейітов 1998 жылы грек-рим күресінен әлем чемпионатында топ жарды. Бұған дейін Бақтияр дүниежүзілік чемпионаттың (1995 ж.) және ССРО халықтары спартакиадасының (1991 ж.) күміс жүлдегері атанды.

–Бақтияр Алматыдағы Қажымұқан интернатының түлегі. Әуелде қимылы баяу, толық бала еді, – дейді Таңат ағамыз. – Марат Қошаев екеуміз әдіс-тәсілдерді табиғи бейіміне, ыңғайына қарай үйрете бастадық. Алғыр, еңбекқор бала уақыт озған сайын жетіле түсті.

Оның жылдамдығын, қара күшін ескере келе қарсыласты бүйірден иықпен опыра қағып, қарсыласы теңселген сәтте әдіс жасауды – оңтайлы тәсілі (коронный прием) ғып таңдадық. Бұл әдіспен 2 дүркін Олимпиада чемпионы Валерий Резанцев 70-жылдары қарсыластарын қирата жыққан болатын. Бүйірден, қолтықтың астынан сүзе ұрғанда қарсылас жығылуы мүмкін, ондайда партерден аударып тастау немесе кеудесінен басып қаласың; «сүзген» кезде жығылмаса – жамбасқа салуға болады; бұл екеуінің ыңғайы келмесе, тәлтіректеген қарсыласыңды аш белден құшақтаған бойда кеудеңнен асыра лақтырасың. Бір шабуылмен үш позициядан ұпай олжалауға мүмкіндік бар. «Сүзуді» қапысыз меңгеру үшін бірнеше жыл бойы қара терімізді ағызып еңбек еттік.

Бақтияр жылдам, қарулы балуан. Соған орай төрттағандап жатқан балуанды алапат жылдамдықпен жұлып алу – оның партердегі басты қаруы еді. Біздер ұзақ жыл тер төгіп бұл әдісті де «автоматты» жағдайға жеткіздік. Яғни, Бақтиярдың қолының, иығының, белінің, аяғының бұлшық еттерін, бүкіл сезім мүшелерін осы әдісті мүлтіксіз жасауға жұмылдыру, оларды қас-қағым сәтте бір нүктеге жинау оңайға соққан жоқ. Кей жаттығуда осы әдісті 100 рет қайталаған шығармыз. 1995 жылы әлем чемпионатында Бақтияр Олимпиада және әлем чемпионы Мнацакан Искандарянды партерден аяқ-қолын тыпырлатып жұлып алды да, кілемге атып ұрды.

1995 жыл. Бақтияр әлем чемпионатының күміс медалисі, Азия чемпионы. Яғни, әлемдік деңгейдегі шебер балуанның бірі. Бірақ біз мұнымен шектелген жоқпыз. 1996 жылы Атланта олимпиадасында кубалық Фелиберто Аскуй Бақтиярды 9:1 есебімен ойсырата ұтты. Небір мықтыларды партерден жұлып алатын Бақтияр Фелибертоны аудара алмады.

Содан Бақтиярды Фелибертоны партерде кері (обратный пояс) тартуға дайындай бастадым. Яғни, бұрын қарсыластың аяқ жағынан келіп, белден ұстасақ, енді желке жағынан жамбасына қарай төніп кеп, белден ілген бетте кері төңкеру немесе жұлып әкету.

Шәкіртіме бұл әдіске машықтану тым ауыр соқты. Алғашында «Аға, бұған ыңғайым келмейді» деп жасаудан бас тартты. «Бақтияр, тоқтама, жасай бер» деп қамшылап қоймадым. Жаттығудың жартысын табан тіреп айқасуға, жартысын партердегі машыққа арнадық. Бір жаттығуда 30-ға дейін кері жұлқиды. Әбден шаршайды, жалығады. Басында ықтиярсыз кіріскен шәкіртім жарты жылдан кейін кері тартудың шебері боп алды. 1998 жылғы әлем чемпионатының финалында Олимпиада чемпионы Фелиберто Аскуйды кері тартып қапы қалдырды. Сөйтіп, Бақтияр 27 жасында тағы бір оңтайлы әдіске қол жеткізді.

Бұл айтқандарым Бақтияр екеуміздің 20 жыл жаттығуымыздың бір үзігі ғана. Спортшыға табиғи бейіміне қарай әдістер үйрету, сол әдістерді әбден ұштай білу бапкерден зор біліктілікті, үнемі ізденісті, еңбекқорлықты, табандылықты қажет етеді. Мен ұзақ жылдар бойы шәкірттерімнің жаттығу процесін ерінбей жазып отырдым. Олардың күшін арттыру, психологиясын шыңдау, әдістерін жетілдіру және зорықтырмау жолында көп іздендім. Бапкер шәкіртінің жанында үнемі болуы керек. Себебі, басқа жаттықтырушы сенің төл шәкіртіңе дәл өзіңдей ақылшы, қамқор бола алмайды.