Қабден Байдосов
Қазақ балуандарынан Совет одағының құрамасына енген бірінші балуан Қабден ағамыз еді. Ол одақтың еркін күрес құрамасындағы ең күшті балуанның бірі болды. Әлем чемпионы, одақтың бірнеше дүркін жеңімпазы Владимир Рубашвилимен үш мәрте белдесіп, екеуінде ұтып, бір рет тең түсті. Бірақ дәл әлем чемпионатына аттанар сәтте Байдосовты «Алматыға емтиханыңа бар», деп еріксіз елге жібереді. Осындай әділетсіздіктерге шыдамаған Қабден Рахманқұлұлы 29 жасында балуандықты доғарып, бапкерлікке ден қойды.
«Қабден жаттықтырушылық жұмысқа керемет құлшыныспен кірісті, – дейді ССРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Петр Матущак. – Сол кезеңде бапкерліктің қыр-сырын Байдосовтан артық білетін маман жоқ еді. Ол Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне қызыққан жоқ. Есесіне, еркін күрестің жаңа техникалық элементтерін іздеді, жаттықтырушылық жұмысын шығармашылық ізденіспен ұштастырды. Қабден Рахманқұлұлы үздіксіз ізденіс үстіндегі жаттықтырушының ғана жастарды баптауға хақысы бар екенін жан жүрегімен түсінді. Осы жолда бар бейнетке төзді. Ерен еңбектің арқасында ол күрес саласындағы ірі тұлғаға айналды».
Байдосовтың келуімен ұлттық құраманың қуаты артып, балуандардың техникалық-тактикалық мүмкіндіктері өсе түсті. Қабденнің көмегімен талай балуан өзінің ұтымды күресін, оңтайлы әдісін тапты. Байдосовтың білім-білігіне риза болған балуандар жаттығуға құлшына кірісетін. Ол спортшыларды жалықтырмау үшін тың жаттығулар мен жаңа ойын түрлерін ойлап тапты. Ал әдіс-тәсілдерді пысықтап, талдаған кезде атақты балуандардың сәтті қимылдарын мысалға келтіретін. Яғни, Байдосов кілемдегі тер төгу кезінде күрес пен осы салаға қатысты тартымды оқиғаларды шебер ұштастырып отырған.
«Қабден аға спортшы психологиясына жете мән берді, – дейді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амангелді Мұсабеков. – Ол шебер ұйымдастырушы әрі ғалым бапкер еді. Спорттық медицинаның балуандар үшін қаншалықты маңызды екенін терең түсінді. Ағамыздың жаттығу процесі нақты әрі жүйелі жоспармен жүрді. Петр Матущак пен Қабден Байдосов ұлттық құраманың тізгінін ұстаған жылдары қазіргідей Кавказ балуандарынан қирай ұтылу, олардан жасқану деген атымен болған жоқ. Қазақ балуандары Совет одағында ғана емес, дүние жүзіндегі күшті команданың бірі болды. Жетпісінші жылдары совет құрамасы әлемдегі ең азулы команданың бірінен саналса, Қазақстан балуандары одақтың алдыңғы сапында тұрды. Қазақ балуандарының өзіндік техникасы, өзіндік қолтаңбасы болды. Біздер ол кезде қазіргідей Кавказға оқу-жаттығу жиындарына баруға ұмтылмайтынбыз. Матущак пен Байдосов негізін қалаған балуандық мектебіміз дүркіреп тұрды».
«Қабден аға күрестің теориясы мен практикасын терең ұштастырған нағыз ғалым еді, – дейді шәкірті, екі рет Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған Мәлік Нәдірбекұлы. – Нағыз сабырлы, зиялы адам болды. Шәкірттеріне дауыс көтеріп, зекігенін естіген емеспін. Әдісті балуанның ыңғайына, табиғатына қарай үйретуші еді. Жаттығу мен жарыс жоспары қолында жүретін. Мәскеу кәсіби деңгейін мойындап, үздік маман ретінде Кубаға бапкер ғып жіберді. Ұмытпасам, 1976 жылы Қабден Байдосов баптаған Қазақстан еркін күресшілері азуы алты қарыс АҚШ құрамасынан басым түсті».
1962-1971 жылдарда Байдосов ұлттық құраманың екінші жаттықтырушысы, республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебінің аға бапкері болды. Күрестегі белді мамандардың айтуынша, бас жаттықтырушы Петр Матущактың тұсында жаттығу процесіне негізінен Қабден Рахманқұлұлы жауап беріпті. Яғни, бас жаттықтырушы Матущак Байдосовқа толық сенген. Ал 1971 жылдың күзінде Петр Матущак бас жаттықтырушы қызметінен өз еркімен босағанда құраманың тізгіні Қабден Байдосовтың қолына тиді.
Енді Қазақстан балуандарының 1962-1975 жылдардағы басты нәтижелеріне тоқталып көрейік: ССРО халықтары спартакиадасының жеңімпаздары: Әбілсейіт Айханов (1963), Алексей Семкин (1963), Петр Суриков (1971). ССРО чемпиондары: Амангелді Ғабсаттаров (1962), Әбілсейіт Айханов (1963), Алексей Семкин (1963), Петр Суриков (1971), Аманжол Бұғыбаев (1973), Федор Баумбах (1974), Александр Иванов (1974).
ССРО халықтары спартакиадасының жүлдегерлері: Р.Нұрманов, Г.Мұсаев, А. Иванов. ССРО чемпионатының жүлдегерлері: Ә. Айханов, А.Бұғыбаев (екі рет), С. Әбдікәрімов, А. Иванов (үш рет), С. Мұқашев, А. Мыцик, П. Суриков (екі рет), Ф. Баумбах, Р.Нұрманов, А. Поляков. П. Суриков 1973 жылы Еуропа чемпионы атанса, 1975 жылы Ф. Баумбах Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Аз ғана уақыт ішінде Еуропаның бір, Совет одағының жеті чемпионын, ССРО спартакиадасының үш жеңімпазын және ондаған жүлдегерлерді баптаған жаттықтырушылар алқасының ерен еңбегі ерекше атауға тұрарлық. Өкінішке қарай, Мәскеудегі спорт басшылары біздің бірде-бір балуанымызды әлем чемпионатына жіберген жоқ. Қазақ спортшылары Еуропа чемпионатына да бара алмады. Ақиқатына жүгінсек, Айханов, Ғабсаттаров, Бұғыбаев, Суриковтар Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен қатар тұратын саңлақтар еді. Бір ғана Айхановтың өзі қаншама Олимпиада және әлем чемпиондарын тізе бүктірді.
П.Матущак пен Қ.Байдосов 1962-1975 жылдары жеті бірдей ССРО чемпионын баптаса, бұл екі маман құрамадан алыстаған 1976-1991 жылдары бір ғана Мұсан Абдул-Муслимов 1979 жылы ССРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы әрі одақ чемпионы атанды. Осыдан-ақ Қабден ағалардың бапкерлік білігін бағамдай беріңіз. Ал 1976-дан 1992-жылға дейін үш-ақ қазақ балуаны: Мәлік Нәдірбеков одақ чемпионатында, Серік Алшынбаев пен Мәулен Мамыров ССРО халықтарының спартакиадасында жүлдеге ие болды. Бұл – алпысыншы жылдардағыдай емес, жер-жерде спорт мектептері көптеп ашылып, мамандар көбейген кездегі жағдай.
Қазіргі бетке ұстар бапкерлеріміз Қабден ағалар құсап институтта лекция оқып, әдістемелік кітап жаза ма екен? Қабден аға ұзақ жыл Алматы дене шынықтыру институтының күрес кафедрасын басқарды, бапкер бола жүріп студенттерге лекция оқыды. Әлем чемпионатының бірнеше жүлдегерін баптаған білікті бапкер Боранбек Қоңырат айтады: «Қабден Рахманқұлұлының лекцияларын құмарта, ұйып тыңдаушы едік. Өзі білімді, дәрісі тартымды еді. Қоңыр үні құлаққа сондай жағымды, сабырлы, байыпты қалпымен аудиторияны үйіріп алушы еді. Нағыз ғалым, нағыз психолог болатын».
Иә, біз де Қабден ағаға іні болуға жарадық. Кәтепті қара нардай еді. Ағаның жақында жарыққа шыққан «Қазақтың ұлттық күресі» әдістемелік кітабын парақтап отырып білімдарлығына, ғалымдығына тағы да тәнті болдық. Ағамыз бұл еңбегінде бір ғана арқадан асыра лақтырудың 31 әдісін, шалу арқылы лақтырудың 71 түрін, қағу арқылы лақтырудың 66 әдісін тізіп беріпті. 40 жыл спортта жүріп қазақша күрестің әр бұтағында осынша әдіс-тәсіл барына ой жүгіртпеппіз. Қазіргі ұлттық күрес жарыстары да әдіске жұтаң. Қабден ағалардың кезінде еркін күрес пен ұлттық күрес балуандары сан қилы әдіс-айламен көрерменді риза қылушы еді. Қазіргі балуандар кілемде тіресіп, итерісіп, жұлқыласып жүріп алады. Баяғы тартымды, қайшыласқан, апай-топай белдесулер көзден бұл-бұл ұшты. Себебі, Қабден Байдосовтай білікті, кәсіпқой жаттықтырушылар тым азайып кетті. Қабден ағалар жаттығуға жоспарсыз, қаламсыз баруға ұялушы еді. Мұндай берекесіз тірлікті бойларына шақ көрмеуші еді. Арына дақ санаушы еді.
Ал қазіргі жаттықтырушылардың басым бөлігі балаларды жоспарсыз «баптайды». Бар жоспардың көбі шикі. Соның салдарынан дзюдо, еркін және грек-рим күресінен Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында бетіміз күйіп жүр.
Иә, Қабден ағалар тамаша бапкерлік жолды салып берді. Ел аман, жұрт тыныш заманда сол күре жолдан қиыс кеттік. Ашық күнде адастық. Мыңдаған талапкердің обалына қалдық. Жеңіле жеңіле етіміз өле бастады. Бір кездегі күндей күркіреген дауысымыз күн санап бәсең тартып барады.