БІЛІКТІ БАПКЕР. ТӘЖІРИБЕ МЕКТЕБІ

1. Амангелді Мұсабеков, еркін күрестен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, кезінде ССРО құрамасының бапкері болған.

– Мен еркін күресте қазақтан шыққан тұңғыш жасөспірім әлем чемпионы (1982 ж.), ССРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері Серік Алшынбаев, жастар арасындағы ұлтымыздан шыққан бірінші әлем чемпионы (1983 ж.), Әлем кубогының жеңімпазы Амангелді Жапаров және Совет одағының жастар біріншілігінің күміс медалисі, ССРО кубогының жеңімпазы Мұрат Маяуызовтың, басқа да Қазақстан чемпиондары атанған балуандардың жаттықтырушысымын. Бапкерлік стажым – 46 жыл.

Кезінде қазақтың еркін күресінің негізін қалаушылардың бірі, ССРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Петр Матущак пен Феликс Премильскийден және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Қабден Байдосов пен Әбілсейіт Айхановтай әлемдік деңгейдегі мамандардан тәлім алдық. Петр Матущак жігіттерді жылы сөзбен баурап алудың шебері еді, қызықтырып, өршелендіріп, керек кезінде ұялтып, керек жерінде жылатып алуға шамасы келетін еді. Кейін келе түсінгенім, бапкерлік деген күрес әдістерін бірінің артынан бірін көрсете беру емес екен. Петр Филипұлы күшті психолог еді. Балуандардың жүйкесіне тимейтін жұмсақ жымиыспен, қарапайым ғана сөзбен күреске деген ынтасын арттырып, рухын көтеріп, өзіне деген сенімін күшейтетін.

Феликс Премильский оқушылардың психологиясын терең меңгерген маман. Еркін күреске ешқандай қатысы жоқ, классикалық күрестен I разряды болды. Күрес залына таңғы 8-де кіріп, түнгі 9-10-дарда бір-ақ шығатын. Оның қажымай еңбек етуінің арқасында 1970 жылдары Қарағанды өңірі еркін күрестен Қазақстандағы белді орталықтың біріне айналды.

Петр Матущактың сөзімен айтсақ: «Сол кезеңде бапкерліктің қыр-сырын Байдосовтан артық білетін маман жоқ еді. Ол еркін күрестің жаңа техникалық элементтерін іздеді, жаттықтырушылық жұмысын шығармашылық ізденіспен ұштастырды. Қабден Рахманқұлұлы үздіксіз ізденіс үстіндегі жаттықтырушының ғана жастарды баптауға хақысы бар екенін жан жүрегімен түсінді. Ерен еңбектің арқасында ол күрес саласындағы ірі тұлғаға айналды».

Бұл ұстаздарым өмірден озды. Бірақ Қазақстан күресіне сіңірген еңбектері, жазған дүниелері мұра боп қалды.

Қазіргі жас бапкерлер есте ерекше ұстайтын мәселе: осы үш бапкер жаттығу, жарыс жоспарын өте сауатты жазатын еді. Үшеуі де жұртшылықтың алдында сауатты сөйлей алатын, жастарға лекция оқитын білімді адамдар еді. Қадап айтамын: дұрыс жазатын, ойын жүйелей білетін, лекция оқитын мамандар ғана жаттығу процесін сауатты жүргізеді. Қолында өзі жазған жоспары жоқ, білімі кем жаттықтырушы шәкірттерін көздеген биігіне жеткізе алмайды. Бұл ащы болса да шындық. Мұндай жаттықтырушылар шәкірттерінің обалына қалады. Кей залға кірсең, баяғы 70-ші жылдардағы жаттығулар: «разминка, основной часть, заключительный часть, идите качайтесь» деп қоя береді. Жоспарлары жоқ. Анализ жоқ, балуандарға қандай, қаншама жүктеме беру керек? Сенің жүктемеңе оның организмі шыдай ма? Өйткені әр спортшының жүктемені көтеруі әр түрлі. Мұндай бапкердің еңбегі нәтиже бермейді. Құр арам тер болу ғана.

Енді спортшыға келейік. Сен қарсыласыңды жеңуге сенімдісің бе, сен оған дайынсың ба, ол үшін қандай іс-шараларды жасадың, атқарған еңбегіңді тағы бір қарап, саралап көрші! Кейінгі 4-5 жылдың ішінде еркін күреске қажет қасиеттеріңді қаншалықты дамыттың, күнделігіңді ашып анализ жасайын десең, күнделік жоқ. Көп нәрсе ұмытылған. Осы уақытта тау-тау темір көтердің, қыруар еңбек жасадың. Бірақ жаттығуың жүйесіз өтті. Қарсыластарыңды зерттеген жоқсың, олардың оңтайлы (коронный) әдістеріне қарсы қорғанысың, қарсы шабуылың әлсіз. Ал сенің оңтайлы әдісің әлі шикі. Себебі, үйдің кірпішін өргендей сатылы, жоспарлы, жүйелі жаттығу жасаған жоқсың.

Жас бапкерлерге айтарым, шәкірт іздегенде оның психологиялық ерекшелігіне және мына қасиеттеріне көңіл бөлу қажет: денсаулық, күш-жігер, жылдамдық, сезімталдық (қарсыласыңның«есік-тесігін»сезіп тұру, бойыңдағы күшіңді бір «нүктеге», бір жерге жинай білу), ұшқыр әрекет (реакция), үйлесім( координация), төзімділік.

Спортта үлкен табысқа жету үшін бапкерге не қажет?

1) Ең алдымен талантты,талапты, еңбекқор шәкірт табу. Ондай баланы табу үшін бапкердің өзі еңбекқор,жалықпайтын адам болуы керек;

2) Баламен сөйлесе білу, оның спортқа деген сүйіспеншілігін ояту, баланың ішкі психологиясын білу, тұрмыс жағдайын мұқият қадағалау;

3) Спортшының саяси-тарихи танымы мен білімін қалыптастыру. Ұлттық, патриоттық сезімін күшейту. Ұлтын сүйетін азамат қылып тәрбиелеу;

4) Бапкер балалардың ақыл-ойы мен деңгейін біле отырып, соған сай жеке әңгіме құра білуі керек. Барлығымен бір қалыпта сөйлесіп, бірдей түсіндіруден алшақ болуы тиіс; оларға жағымды әңгіме айта отырып, спорт қажымас еңбекті, талмай ізденісті талап ететінін түсіндіру, биіктерге жетелей білу өте маңызды;

5) Шәкірттерді еркін күреске қызықтыра білу, барлық жекпе-жектің ішіндегі ең кереметі еркін күрес екенін дәлелдеу.

Біздің жігіттер Дағыстан мен Осетияға оқу-жаттығу жиынына баруға құштар. Бабымыз, ішкі сеніміміз олардың күшті жігіттерімен айқасуға дайын ба? Күніне он шақты балуанмен күресіп, екі-үшеуін жеңіп, жеті-сегізінен жеңіліп қайтқаннан не ұтамыз? Себебі, келесі жарыста олармен күрескенде біздің балуандардың жүрегі жаралы болады, өйткені жаттығу кезінде оңбай жеңілген. Кей балуандарымыз тактикасын өзгертіп, қорғанып жүріп алдап кетемін деуі мүмкін, бірақ қарсыласы тактикасын өзгертсе қиын жағдайға тап болады.

Иә, Кавказ халықтары күреске ұлттық құндылық деп қарайды. Балаларын кішкентайынан «біздер, кавказдықтар әлемдегі ең күшті ұлтпыз» деп тәрбиелейді. Кавказ баласы далада, жарыстарда жеңіліп қалса үлкендерінен бастап қатты намыстанады. Ал біз бұл жағынан солқылдақпыз: «Ештеңе етпейді, бүгін жеңілсең – ертең жеңесің, көш жүре түзеледі» дейміз. Сондықтан біз де баланы жасынан уытты, күшті болуға тәрбиелеп, оларға Бөгенбай, Қабанбай, Бауыржан, Нұркен, Әлия, Мәншүк, Хиуаз секілді батырларымызды үлгі тұтып, насихаттауымыз керек.

Атақты бапкерлердің көбі талантты, талабы зор балаларды жарыстардан ғана емес, ел ішінен іздеп, тапқанын ұмытуға болмайды. Мысалы, Вадим Псарев кейін 2 дүркін Олимпиада чемпионы болған Валерий Резанцевті Алматының көшесінде кездестірсе, мен Серік Алшынбаевты Қарқаралыдан таптым. Иә, күрес қазір тоқырап тұр. Сауатты мамансыз, жүйелі ізденіссіз бұл саланы түзеу мүмкін емес. Сондықтан білікті кадр даярлау ісін жедел қолға алу керек.