Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Дене шынықтыру және спорт бойынша оқу-әдістемелік және талдау орталығы ұйымдастырды.
Аталмыш кездесуге ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жанпейіс Жабаев, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, әлем чемпионы Біржан Жақып, Азия чемпиондары Мейіржан Шермаханбет, Әлімхан Сыздықов және Шымкент қалалық спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов қатысты.
Игі шараның басты мақсаты жергілікті спорт мектептерінің талапкерлеріне Отанды сүю, елдік мүддені жоғары ұстау және атақты спортшылардың жеңіс жолын насихаттау, дене шынықтыру мен спорттың адам денсаулығы үшін пайдасы туралы жеткізу.
Орталық директоры Қыдырбек Рысбек Жоғары спорт шеберлігі мектебінің оқушыларына спорт саласында үлкен жетістіктерге жетіп, ел намысын абыроймен қорғаған спортшылардың еңбектері жайлы айтты.
Кездесуге жиналғандардың назарына ел мақтаныштары – Мұхтархан Ділдәбеков, Біржан Жақып, Қайрат Ерәлиев, Мейіржан Шермаханбет және Әлімхан Сыздықов туралы дайындалған шағын видеоматериал көрсетілді. Осындай ақпарат арқылы болашақ спортшыларға белестерді еңсеруде тәрбие мен рухтың маңыздылығын ұғындыру көзделді. Оған қоса, білімге қатты көңіл бөліп, әрдайым ізденіс пен талпыныста болу қажеттілігі алға тартылды. Яғни, өскелең ұрпаққа спорттық додаларда ел жалауын желбіретіп, абыройымызды асқақтату үшін осы төрт тұғырды әрдайым жадында ұстау өзектілігі айтылды.
Жиын барысында екі жақты пікір алысып, сұхбат құрылды. Мектеп оқушылары өздерін мазалаған сұрақтарға аға буын өкілдерінен тұшымды жауап алды.
Тәлім-тәрбиені көздеген кездесу Түркістан облысындағы спорт мектептерінде жалғасады.