Әбдісалан НҰРМАХАНОВ

​ Азия, Африка, Еуропа және Латын Америкасы елдерінің спортшылары қатысқан ГАНЕФО ойындарының 1963 жылғы чемпионы. ССРО чемпионатының 2 дүркін күміс, 2 мәрте қола жүлдегері. ССРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атағына ие болған алғашқы қазақстандық боксшы.

Әбдісалан Нұрмаханов 1962 жылы ССРО чемпионатының финалында Совет одағының 6 дүркін, Еуропаның 3 мәрте чемпионы, ресейлік Андрей Абрамовпен айқасты. Осы бәсекеде Әбдісалан сары аюдай дөңкиген Андрейді екі рет нокдаунға түсірді. Бірақ Мәскеудің ығына жығылған төрешілер Нұрмахановқа ақ-адал маңдай терімен келген жеңісті қимады. Рефери Абрамовтың қолын көтерген сәтте рингтің түбінде тұрған Әбдісаланның бапкері Дәулеткерей Муллаев әбден күйінгеннен жылап жіберді. Сол сәт Нұрмахановтың жан дүниесі қандай күйде болғанын айтып жеткізу қиын. Иә, елің бодан болса, еріңнің де аяғына еріксіз шідер салынады екен. Әлемдегі ең алып империяның шаршы алаңын дауылдай шайқаған Нұрмаханов мұндай қиянаттың талайын басынан кешірді.

Иә, Әбдісалан алаш жұрты өз топырағында барынша азшылыққа ұшыраған тар кезеңде ұлт намысын шарқайрақтай жаныған арда азаматтың бірі болатын.

Ол 1993-1997 жылдары бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы болды. 1994 жылы Әлем кубогында, 1996 жылы Атланта олимпиадасында Нұрмаханов баптаған Қазақстан құрамасы командалық есепте дүние жүзі бойынша 3-орынға ие болды. Сол жылдары қазақ боксшылары Азия құрылығының командалық бас жүлдесін ешкімге ұстатқан жоқ.

1994 жылы бас бапкер Әбдісалан Нұрмахановтың 5 шәкірті Азия чемпионы атанса, 1995 жылы қазақ боксшылары Азия чемпионатының 6 бірдей алтын жүлдесін қанжығаға байлап, командалық есепте жеке-дара топ жарды.

Атланта олимпиадасында қазақстандық бапкерлердің ішіндегі ең шоқтығы биігі Әбдісалан Нұрмаханов болды. Қазақ елі спортшылары Атлантада барлығы 11 медаль олжаласа, соның төртеуі Нұрмаханов командасының үлесіне тиді. Ал, осынау тарихи жеңістің ар жағында Әбдісалан ағаның спортты ғылыммен сабақтастырған жанкешті еңбегі, жүйке жонған ұзақ жылдар жатқанын қалай ұмытамыз.

Әбдісалан Нұрмаханов бокстың бағына туған жан еді.

Әбдісалан Нұрмаханов деректерімен жасалған видеоға өту