ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ КӘСІБИ ФУТБОЛШЫСЫ

Қазақ жұртының футболға деген ықыласы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ерекше күшейді. Дәл осы кезеңде аладоп майданында Тимур Сегізбаев найзағайдай жарқ ете қалды. ХХ ғасырдың басынан бері небір қырғынды басынан өткерген қазақ жұртына керегі де осы екен. Еділден Алатауға, Тобылдан Мырзашөлге дейінгі қазақи ауылдар Тимурмен бірге ду ете қалды. Тимур Сегізбаевтың даңқын байтақ далаға ұзынқұлақ әп-сәтте жайып жіберді. Бойдағы қаны қызып, рухы көтерілген халық бір серпіліп қалды.

Иә, Тимур Сегізбаевтың сол кездегі абыройы қазақ жанкүйерлері үшін Пеле мен Эйсебиодан кем соққан жоқ. Тимур Сегізбаев «Қайраттың» сапындағы алғашқы бәсекесінде-ақ айды аспанға бір-ақ шығарды. 1960 жылдың мамыр айында 19 жастағы бозбала Минскіде жергілікті «Беларусьтің» қақпасына екі гол соқты. Бұл - қазақ жастарының ССРО футбол чемпионатының жоғары тобындағы ең алғашқы голдары еді.

Тимурға дейін «Қайратта» ойнаған бірлі-жарым қазақ жігіттері болды. Бірақ олардың ешқайсысы кәсіби шеберлік жағынан Тимурдың деңгейіне көтеріле алған жоқ. Тимур Санжарұлы жасыл алаңдағы cауатты әрі айшықты қимылымен миллиондаған жастар үлгі тұтатын тұлғаға айналды. Ол тек жастардың ғана емес, тұтас республика жұртшылығының мақтанышы болды.

1964 жылы 26 тамызда Алматының «Қайраты» Мәскеуде жергілікті «Спартакпен» ойнады. «Спартак» атағынан ат үркетін команда болатын. 1962 жылғы Совет одағының чемпионы, әрі ССРО кубогының бірнеше дүркін жеңімпазы. Еуропаның небір күшті командаларын ұтып жүрген «Спартак» өз үйінде «Қайраттан» 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Екі голдың да авторы Тимур Сегізбаев.

Осы ойыннан кейін Мәскеудің ЦСКА және «Торпедо» бапкерлері Сегізбаевты өз командаларына шақырды. Тимур «Қайратты» тастап кете алмады. Мәскеудің намысын қорғағаннан гөрі қалың қазақтың мүддесін жоғары қойды. Ең бастысы, Тимур ағамыз кеудемсоқ, шовинист пенделердің «қазақтан футболшы шықпайды» деген жаңсақ пікірін жоққа шығарды.

Бірнеше жыл «Қайраттың» капитаны болған Тимур Сегізбаев 1970 жылдың көктемінде ойыншылық кәсібін доғарып, бапкерлік қызметке ауысты.

1976 жылы Сегізбаев өзінің ұзақ жылғы үзеңгілес досы Станислав Каминскиймен тізе қосып, «Қайратты» Совет одағы чемпионатының бірінші тобынан жоғары топқа алып шықты. Табиғатынан зиялы, шығармашылық ізденіске жете мән беретін Тимур Санжарұлы баптаған Алматының «Қайраты» 1986 жылы ССРО чемпионатының қорытындысында 7-орынға табан тіреді. Алматылық футболшылар 1960 жылдан бері ССРО чемпионатының жоғары тобында 8-орыннан жоғары көтерілмеген еді. Сегізбаевтың бұл жетістігі қазақ мамандарының футбол саласында да несібесі мол екеніне нақты дәлел.

Әңгімені түйіндей келе, қазіргі таңда қазақ футболына Тимур Сегізбаевтай ақылды да қайратты футболшының, дәл осы кісідей білімді әрі алғыр бапкердің жетіспей тұрғанын айтқымыз келеді.

Тимур Сегізбаев деректерімен жасалған видеоға өту