Қазақтың Әбибасы!

2022 және 2024 жылдардағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Әбиба Әбужақынова (48 кг) Олимпиадаға бірінші мәрте қатыспақ. 29 спортшының ішінен топ жару нәсіп болсын балуан қызға! Әбиба Абужақынованың ширек финалға дейінгі жолы қандай?

Алғашқы айналымда Израиль дзюдошысы Широ Ришонимен күреседі. 33 жастағы дзюдошы бұған дейін 2 Олимпиадаға қатысқан. Риода алғашқы айналымда жеңілсе, Токиода қола медаль үшін күресіп, жеңілген. Әлемдік рейтингте 17-орында.

Әбиба мен Ришони 4 рет жолыққан. Есеп 2-2. Соңғы белдесуде Әбиба екі вазари ұпайымен басым түсті. Қызымыз екінші айналымға өтсе, Колумбия немесе Тайпей дзюдошысымен күреседі.

Колумбиялық Лассо Ерикамен Әбиба күрескен жоқ. Ерика Панамерика чемпионаттарында ғана жүлдеге ілініп жүр. Ал, Тайпей дзюдошысы Лин Чен-Хао мен Әбиба бұған дейін 2 рет жолыққан. 2022-2023 жылдары Токио «Гран Слэм» жарысында жолығып, екеуінде де Лин иппонмен жеңген. Әбиба осылардан өтіп жатса ширек финалға шығады. Ширек финалда күресуі мүмкін деген қарсыластар: Милица Николич (Сербия), Мартинез Абеленда Лаура (Испания).

Жартылай финалда жолығуы мүмкін қарсыластар: 2024 жылғы әлем чемпионы Баасанхүү Бавуудорж (Монғолия), әлем чемпионатының күміс жүлдегері Катарина Менз (Германия), Коста Катарина (Португалия)

Азаттық алғаннан бері 48 кг салмақта белдескен балуандарымыздың Олимпиададағы орындары мынадай:

Афина олимпиадасы - Татьяна Шишкина – 11 орын;

Пекин олимпиадасы - Келбет Нұрғазина – 9 орын;

Лондон олимпиадасы - Александра Подрядова – 9 орын;

Рио олимпиадасы - Отгонцецэг Галбадрах – 3 орын;

Токио олимпиадасы - Отгонцецэг Галбадрах – 17 орын.