Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына параволейболдан Қазақстанның ерлер құрамасы қатысады. Қазақстандық волейболшылар араға 28 жыл салып төрткүл дүние көз тігетін додаға барады.
Классикалық волейболдан ССРО және Еуропа чемпионы, ССРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Жәнібек Сауранбаев баптаған қазақстандық параволейболшылар 1996 жылы Атлантада өткен паралимпиада ойындарына қатысқан. Енді, міне, бас бапкер Бауыржан Тақауов баптаған қазақ құрамасы сондай мәртебеге ие болды. Қазіргі уақытта Қазақстанның ерлер құрамасы әлемдік рейтингте 78 елдің ішінде 6-шы, Азияда Ираннан кейін екінші орында тұр.
Кеше, 12 маусым күні бас бапкер Бауыржан Тахауовқа хабарласқан едік. Құрама АҚШ-қа аттанып бара жатыр екен. Оның айтуынша, АҚШ құрамасы біздің команданы арнайы шақырған екен. Қаңтар айында да олар арнайы шақырып, бірлескен оқу жаттығу жиынын өткізген. Әлемдегі ең алпауыт елдің Қазақстан құрамасын арнайы шақырғаны тегіннен-тегін емес. Олар біздің жігіттерді мойындағаннан шақырып отыр.
АҚШ-тың пара волейболшылары әлемдік рейтингте 7-ші орында. АҚШ бұл спорт түрінен паралимпиадаға қатыса алмайды. Олар Қазақстан сияқты елдермен бірге оқу жаттығу өткізіп, шеберліктерін шыңдауға ниетті. Біз өз тарапымыздан жігіттерге сәттілік тіледік.
P.S. Кеше, 12 маусымда Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мәслихатының шешімімен бас бапкер Бауыржан Бақытұлы Тахауовқа «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Анық Көкенайұлы.