Жамбыл облысындағы Құмарық сырттай қараған жанға бұйығып жатқан көп ауылдың бірі. Ал шілтері тормен қоршалған шағын футбол алаңына бара қалсаң, ала доптың дуы бойыңды шарпиды. Ауылдағы спорт залдарында да алысып-жұлысып жатқан қарадомалақтар. Ауылдың қақ төріндегі шағын гүлзардың ішіне спорт нұсқаушысы Сержан Бәденов пен досы Әсет Тағыбаев бірлесе салған гимнастикалық кешен (стритваркаут, құны 1,5 млн. теңге) орналасыпты. Сержан мен Әсеттің бұл тірлігіне ауылдастары дән риза. Таза темірден мықтап жасалған дүниеге біз де қуанып қалдық. Себебі, бұл ашық гимнастикалық жаттығу орны ауылдастар үшін тегін әрі қолайлы. Зейн ет жасындағы н емесе мүмкіндігі шектеулі жандар бір мезгіл аяқ-қолдарын созып, турникке асылып, белі мен аяқтарына қатысты арнайы қимылдарды жасап жатса, мұның өзі үйде бос отырғаннан әлдеқайда тиімді. Бұл шағын кешен әсіресе жастар үшін таптырмайтын орын.
Регби-7-ден әскерилер арасындағы Қазақстан жеңімпазы Сержан Бәденов ауылының спорты үшін жанын салып қызмет жасап жүр. Алғашында кіші футбол алаңы ауылдың шет жағында болған екен. Соны жігіттердің күшімен орталықтағы ыңғайлы жерге көшіріп алыпты.
Осындай азаматтардың арқасында Құмарық ауылдық округына қарайтын Құмарық, Қаракемер, Алғабас ауылдарындағы 3700-ей тұрғыннан 1300-дей адам бокс, дзюдо, кикбокс, кіші футбол, баскетбол, волейбол, садақ, стол теннисі, шахмат, дойбы, гір тасын көтеру, асық ату тәрізді спорт түрлеріне ден қойыпты. Мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалмапты. Мысалы, Жұлдыз Жанысбаева дойбыдан, ал Нұрғали Мәткерімов шахматтан мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында Рысқұлов ауданының бірнеше мәрте чемпионы, облыстық біріншіліктердің әлденеше дүркін жүлдегері. Н. Мәткерімов стол теннисінен де жүлде алып жүр.
Рысқұлов ауданының чемпиондары садақшы Шәкірт Мансұров, асық шебері Нұрбол Молдабеков және шахматшы Кеніш Бейсеновті, кикбокстан республикалық бәсекелердің жүлдегері, облыс чемпионы Әсет Қожайбайды ауылдастары мақтан тұтады.
- Басында ауыл тұрғындарын дене шынықтыру мен спортқа тарту қиын болды, - дейді Сержан . Кейбір кісілер алғашында бұл істі еріккеннің ермегі санады. Мені күлкіге айналдырғандар да болды. Бірақ біз алған бетімізден қайтпадық. Өзіміз үлгі болып, үгіт-насихатты тоқтатқан жоқпыз. Соның нәтижесінде үш ауылдың біраз адамдары кәдімгідей белсенді өмір салтына көшті. Әуелде оларды жарысқа апарудың өзі ауыр болатын. Кейін бәрі реттел е бастады.
Сержан өз ісін е жан-тәнімен берілген азамат. Ауылдастары жарысқа қаражат таппай жатса, өзінің жалақысынан (83 мың теңгеден) ақша бөледі. Ауылдастары жеңіске жетсе, соның құрметіне кафеге дастархан жайып тастайды.
Тұрар Рысқұлов ауданының бұқаралық іс-шаралар өткізу орталығының директоры Жанат Бағылбеков: «Сержан Бәденов жауапкершілігі мол, еңбекқор, көпшіл азамат. Аудан спортының жандануына зор үлес қосып жүр», деді. Әңгіме барысында Жанат замандасымыз Мәдениет және спорт министрлігінің алыстағы ауыл нұсқаушыларына көңіл бөліп жатқанына ризашылығын білдірді.
Сержан Бәденов Құмарықтың спорттық әлеуетін әлі де көтере түсуді көздеп жүр. Алдағы жылы демеушілердің көмегімен орталық саябаққа құны 1,8 млн. теңге тұратын стиртбол алаңшасын құрмақшы. «Ауылдарымыз дені сау және жеңімпаз рухты жандардың мекені болса, деген арманым бар», деді сөзінің соңында Сержан інім.
Рысқұлов ауданының бірнеше ауылындағы дене шынықтыру мен спорт саласындағы игі істерді көріп, біздің де көңіліміз көтеріліп қалды. Иә, ауылдар белсенді өмір салтына ден қоя бастапты. Ауыл күшейген сайын елдің еңсесі биіктей түсері анық.
Қ.ӘДІЛБЕКҰЛЫ.